Жамбыл облысында жүгері өңдеу зауыты ашылды
Жамбыл облысының Шу ауданында жүгеріні терең өңдеу зауыты ашылды. Өңделген дәнді дақылдардан аминқышқылдарының, глюкозаның және крахмалдың әртүрлі түрлері алынады.
Дайын өнімнің 80 пайызын экспорттау, ал қалған көлемін ішкі нарықта өткізу жоспарланып отыр. Жобаға 1,5 млрд доллар инвестиция салынды. Жаңа заманауи кәсіпорынды іске қосуға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.
Жүгеріні терең өңдейтін заманауи зауыт Шу ауданының арнайы экономикалық аймағында іске қосылды. Мұнда аминқышқылдары, крахмал және глюкоза шығарылады. Өндіріс қалдықсыз болады. Жаңа зауыт жылына 500 мың тоннаға дейін шикізатты өңдей алады, ал толық қуатына шыққанда өндіріс көлемі бірнеше есеге артады.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
- Негізі зауыт толыққанды үш кезеңде іске қосылғаннан кейін 3 млн тонна жүгеріні терең өңдейтін болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша терең өңдеу зауыттары іске қосылу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биылғы жылы 47 өндірістік инвестициялық жобалар іске қосылады деп күтілуде. Оның ішінде жеті ірі зауыттарымыз бар.
Бұл – Орталық Азиядағы заманауи аминқышқылдарын өндіретін алғашқы зауыт. Оған қытайлық компания 1,5 млрд теңге инвестиция салды. Ауқымды жоба үш кезеңде жүзеге асырылуда. Бүкіл өндірістік кешен іске қосылғаннан кейін бір жарым мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі.
Сюй Цзин Джау, «Шэнтай» компаниясы директорының орынбасары:
- Бұл жүгері өңдеу зауыты – Халықаралық даму стратегиясы аясында іске асырылған алғашқы кәсіпорын. Құрылыс үшін Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қатынастарға, сондай-ақ қолайлы табиғи-климаттық жағдайларға байланысты Шу ауданы таңдалды. Біз сондай-ақ барлық жеңілдіктер мен артықшылықтарды қарастырдық.
Жамбыл облысының инвестициялық портфелінде сомасы 5 трлн-нан асатын 116 серпінді жоба бар. Биылғы жылы 47 жобаны іске асыру және бұрын елде өндірілмеген өнімді шығаратын кәсіпорындарды іске қосу жоспарлануда.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Бақытжан Бапаев, Эльдар Байділда, Жамбыл облысы