Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтады
Бүгін – Абай күні. Осыған орай Мемлекет басшысы ел халқын құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл бұл күн елде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келіп отырғанын айтты.
Қазақстанның Халық Конституциясы заңды күшіне еніп, биліктің барлық институтын түбегейлі жаңғырту үдерісі басталғанын алға тартты. «Көп ұзамай ел тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтеді. Бір палаталы Парламент реформаларды сапалы әрі тиімді жүзеге асыруға тың серпін беретіні сөзсіз» делінген құттықтауда. Президент «Қоғамда жаңа этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және гуманистік идеалдарды дәріптеу барысында әрдайым Абайға жүгінеміз» деп атап өтті. Ал Абай қара сөздерінің тағылымы қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен толық үндеседі. «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» тұғырнамалық идеялары – Абай армандаған берекелі қоғамның берік негізі. Мемлекет басшысы құттықтау сөзін: «Біз Әділетті, Озық әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз», - деп түйіндеді.