Білім беру саласы жаңа дәуірге қадам басты

Жас буын жасанды интеллектінің қыр-сырын мектеп партасынан бастап меңгеруі керек. Келешекте елдің кадрлық әлеуетін арттыру үшін бұл істі бүгіннен бастаған жөн.

Мемлекет басшысы Тамыз конференциясында осылай деді. Үкіметке Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу жұмысын жеделдету тапсырылды. 600-ге тарта білім саласының үздік қызметкері бас қосқан жиында саладағы өзге де өзекті мәселелер қозғалды. Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі 5 жылда елде 1 120 мектеп салынып, салаға бөлінген қаржы үш есеге артқанын айтты. Ендігі міндет - ұстаздың біліктілігіне, оқушының біліміне басымдық беріп, кей олқылықты түзету керек. Жиында білім беру үдерісіне енгізілетін жаңашылдықтар да қаузалды. Ұстаздар құрылтайында тағы не айтылды?

Әлішер Әли, тілші:

- «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» дейді Мағжан ақын. Ұстаздар қауымына деген құрмет Мағжан өмір сүрген дәуірден бері бір мысқал да кеміген жоқ. Қазір де мұғалімге деген бұқараның ілтипаты ерекше. Оның айқын дәлелі – бүгінгі тамыз конференциясы.

Биылғы оқу жылы еліміз үшін маңызды тарихи кезеңде басталғалы тұр. Күшіне енген жаңа Конституцияда тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілген. Мемлекет басшысы бүгінгі сөзін осылай деп бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жеті жылда салаға бөлінетін қаржы үш есе артып, 6,4 трлн теңгеге жеткенін айтты. Сондай-ақ кейінгі бес жылдың ішінде 1 млн-нан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынып, 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңартылғанын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өздеріңізге мәлім, осыдан екі жыл бұрын менің тікелей тапсырмаммен «Келешек мектептері» жобасы бастау алды. Осы жоба аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынды. Заманауи мектептердің жаңа стандарты пайда болды десек, артық болмайды. Алайда біз әрбір өңірде, соның ішінде мектептерге сұраныс бар аудандарда сапалы оқу орындарының құрылысын міндетті түрде жалғастырамыз. Бұл – алдымызда тұрған мемлекеттік маңызға ие аса өзекті міндет. Уақытты созбай жұмысқа кірісуіміз керек, келесі жылы құрылыс барысы қарқынды болуы қажет.

Жиында қаузалған мәселелердің бірі – кадр тапшылығы. Қасым-Жомарт Тоқаев елге тағы 5 мыңнан астам мұғалім керегін айтып, салаға жауапты министрліктерге педагогтердің жаңа буынын даярлау үшін күш жұмылдыруды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкімет педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметін қайта қарау кезінде бұл мәселені міндетті түрде ескеруге тиіс. Ұстаздарды мектеп пен балабақшадағы жұмыстың кәсіби ерекшеліктеріне барынша бейімдейтін бірыңғай жүйе құру қажет деген ұсыныс бар екен. Оны жан-жақты қарап, қажет болса, іске асыру керек. Бұл іске әдістемелік орталықтар, мектепке дейінгі, орта және қосымша білім беру мекемелері белсене атсалысуға тиіс. Осы салаға жауапты министрліктер педагогтердің жаңа буынын даярлау үшін күш жұмылдыруы керек. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмыла әрекет ету қажет

Ұстаздың беделін нығайту үшін белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, 5 қазан мұғалімдердің кәсіби мерекесі ретінде бекітілді. Сондай-ақ Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Қазірдің өзінде бұл төсбелгі 100-ге жуық мұғалімнің кеудесінде жарқырап тұр. Бүгін де ұстаздардың бір парасы құрметке бөленді.

Гүлмира Нұрпейісова, Жарбұлақ орта мектебінің ұстазы:

- Президентімізден осындай марапат алып жатқаныма қуаныштымын. Көп-көп рақмет. Менің Жарбұлақ орта мектебімде істегеніме 38 жыл болды. Осы жылдары бірнеше оқушыны олимпиадаға, ғылыми жобаға қатыстырдым.

Қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының алшақтығы да айтарлықтай азайып келеді. Бұған республикалық олимпиадаларға қатысушылардың көрсеткіші дәлел бола алады. Кейінгі жылдары ауыл балаларының білім бәйгесіне қатысуы 85 мыңнан 125 мың оқушыға дейін артқан. Бұдан бөлек, соңғы 7 жылда 511 жаңа ауыл мектебі пайдалануға берілді

Санира Жанназарова, Қызылорда Облысы, Арал аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Ел президентінің білім саласына деген ағалық мейірімінің арқасында былтыр арал ауданында 5 білім ошағы салынды. Оның ішінде 2 «Келешек мектебін» мақтан етеміз.

Білім беру саласы жаңа дәуірге қадам басып келеді. Елде алғашқы «сыңармүйіз стартаптар» пайда болды. Күзге салым жасанды интеллект университеті де студенттерге есігін айқара ашады. Сондай-ақ жаңа оқу жылы 500 шағын жинақты мектепте жи технологияларын енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылады. Бұл ұстаздардың уақытын аптасына 12 сағатқа дейін үнемдейді.

Бағлан Қасым, жоба авторы:

- Біздің жүйе – бұл отандық өнім. Қазақстандағы білім беру сапасын арттыруға арналған кешенді АИ жүйесі болып табылады.

Ізденімпаз жасқа ілім көп. Ал тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы. Қортындылай келе мемлекет басшысы балаларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруымыз керек. Сонда ғана қоғамымыз өркениетті, білімді, ұқыпты, ал еліміз өте дамыған әрі озық болатынына күмән жоқ деді.

Педагог мамандығы кейінгі жылдары маңызды кәсіптер қатарында айрықша мәртебеге ие болды. Мұны бүгін Президент те өз аузымен шегелеп айтты. Себебі елдің ертеңі бүгінгі ұрпақтың біліміне, білігіне тікелей байланысты. Ал ол білім мен ілімді жас буынның бойына сіңіру – мұғалімнің қасиетті борышы.

Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев

Сондай-ақ оқыңыз: