Мемлекет басшысы Lotte Group компаниясының басқарма төрағасы Дон Бин Шинді қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев компания екі елдің экономикалық ықпалдастығын нығайтуға елеулі үлес қосқан сенімді серіктес екенін атап өтті. Президент кореялық компанияның еліміздің тамақ өнеркәсібіндегі қызметін жоғары бағалап, «Рахат» брендін ілгерілетуге, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларындағы өндірістік алаңдарды жаңғыртуға қатысты табысты жобаларына назар аударды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы көлік-логистика инфрақұрылымын жандандырып, өңірлік және халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндігін арттыру жөніндегі Lotte Global Logistics жоспарына тоқталды.
Сондай-ақ қонақ үй бизнесін дамыту мәселесі қарастырылды.
Өз кезегінде Дон Бин Шин компанияның тамақ өнеркәсібі, логистика қызметі және қонақ үй бизнесі салаларына инвестиция құю жоспарын растады. Сонымен қатар ол Alatau City жобасын дамытуға, соның ішінде Iconic Complex кешенінің құрылысына қатысуға ниетті екенін жеткізді.
Кездесу соңында корейлық компаниялары Алматы мен Алатау қалаларында Lotte отелдерін салу бойынша өзара түсіністік туралы меморандум алмасты.