Дүкендегі екі түрлі баға: тұтынушы не істеу керек?
Өнімнің мол болғаны жақсы.
Бірақ баға екі ұдай болса қайтеміз? Мен сауда орындарындағы жағдайды меңзеп тұрмын. Сөреде басқа, ал кассада басқа баға. Кейде осындай жағдайдың куәсі болып жатамыз. Соның салдарынан сатушымен арада дау-дамай туындайтыны бар. Бұған заң не дейді? Тұтынушы тауар ақысын қай бағамен төлеуі керек?
Кейде дүкен сөресіндегі баға кассаға барғанда өзгеріп шыға келеді. Сөйтіп, тұтынушы мен сатушы арасында дау туады. Кәсіпкер нарықтағы бағаның құбылуына байланысты сөредегі бағаны өзгертіп үлгермегенін айтуы мүмкін. Алайда бұл оны әкімшілік жауапкершіліктен құтқармайды. Тиісті заңнамаға сәйкес, тауар құнына қатысты негізгі 3 талап бар. Біріншіден, сөреде кез келген өнімнің бағасы жазылып тұруға тиіс. Екіншіден, ұлттық валютамен көрсетілуі міндетті. Үшіншіден, сөре мен кассадағы баға бірдей болуы шарт. Егер тұтынушы өнімнің қымбаттағанын кассада ғана бір білсе, сөреде көрсетілген сомада есеп айырысуына құқылы.
Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:
- Біздің еліміздегі әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 193-бабы бойынша сөредегі баға мен кассадағы баға бірдей болу керек. Егер заң бұзушылық болған жағдайда Сауда министрлігі бүған мемлекеттік бақылау жүргізуге құқылы. Өткен жылға қарағанда биыл мемлекеттің бақылаудың саны мен сапасы артып отыр. Өйткені біз мемлекеттік бақылауды күшейттік. Мысалы, бұрын кейбір жағдайда ескерту берсек, қазір ескертуді алып тастап жатырмыз.
Егер дәл сол мезетте сатушы заңмен келіспесе, тұтынушы тиісті мекемеге е-Өтініш жүйесі арқылы немесе өзі барып, арыз жаза алады. Бұл үшін сөреде көрсетілген бағаны суретке түсіріп, чекті бірге тапсыруы керек. Сала мамандары жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде заң бұзушылықты анықтаса, тұтынушының артық төлемі қайтарылып, кәсіпкер әкімшілік жауапқа тартылады. Былтыр дәл осындай дау-дамайға қатысты 477 әкімшілік хаттама толтырылса, биыл 2 мыңнан асты.
Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:
- Айыппұл қалай тағайындалады? Бірінші, бұл бизнестің көлеміне қарай. шағын, орта және ірі. Екіншіден, дәл сол кәсіпкер бір жылда осы заң бұзушылықты қанша рет қайталап отыр? Қайталанған сайын айыппұлдың көлемі еселенеді.
70 түрлі өнім экспортына басымдық беріледі
Сауда сөрелерінде отандық тауар көлемі артып келеді. Бүған заң негізінде дүкен иелеріне қойылған міндеттер мен тауарөндірушілерді қолдау шаралары ықпал етті. Алда қосылған құны жоғары дайын өнім экспортын ұлғайтып, экономиканың шикізаттық бағытынан арылу міндеті тұр. Мұны Мемлекет басшысы атап өтті. Осы мақсатта салалық министрліктер бірлесіп, басымдық берілетін 70 дайын өнім тізімін жасаған. Оған металлургия, тыңайтқыш, мұнай-химия, құрылыс материалдары, электротехника, астық және майлы дақылдардан өндірілген өнім түрлері енгізіліп отыр. Биыл бизнес өкілдері мен мамандар Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Ресей, Тайланд, Нидерланд және Солтүстік Македонияға сауда миссиясымен барып, бірқатар жаңа келісім-шарт жасасты. Тауар экспортайтын кәсіпорындарды ынталандыру үшін мемлекет тарапынан олардың шығыны ішінара өтеле бастады.
Шикізаттық емес тауар экспорты 19,5%-ға өсті
Шетелден шикізаттық емес тауарға сұраныс артты. Биыл қаңтар-шілде аралығында отандық кәсіпорындар жалпы құны 18 млрд теңгеден асатын осындай өнім түрлерін экспорттады. Бұл былтырғы кезеңдегіден шамамен 20 пайызға көп. Ең жоғары өсім металлургия саласына тиесілі. Соның ішінде мыс, уран, ферроқорытпа, күміс саудасы қызып тұр. Одан кейін машина жасау, химия және тамақ өнеркәсібі өнімдерінің үлесі басым. Ең ірі сауда серіктесіміз - Қытай. Көрші мемлекет жарты жылда бізден 4 жарым млрд доллардың дайын өнімдерін сатып алған. Одан кейін Ресейге 3,7 млрд доллар, Түркияға 2,3 млрд доллардың тауары экспортталды. Бастапқы бестікті Өзбекстан мен Қырғызстан түйіндеп тұр. Бауырлас мемлекеттерге жөнелтілген өнім құны 2,5 млрд доллардан асады.
Шикізаттық емес тауар экспорты
2026 ж қаңтар-шілде
Қытай $4,44 млрд
Ресей $3,73 млрд
Түркия $2,31 млрд
Өзбекстан $1,63 млрд
Қырғызстан $1,02 млрд