Қ. Тоқаев Мюнхенде Германияның белді компанияларымен кездеседі

Мемлекет басшысы Мюнхенде.

Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға жасаған ресми сапарының екінші күні Бавария астанасында бірқатар белді компания басшыларымен келісімге келеді.

Қазақстан Президентінің борты Бавария астанасы Мюнхенге келіп қонды. Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға жасаған ресми сапарының екінші күні бірқатар белді компания басшыларымен келісімге келеді. Сондай-ақ Бавария премьер министрімен кездеседі. Артынша технологиялық форумға қатысады. Ал кеше Құны 2 млрд АҚШ долларын құрайтын 30 құжатқа қол қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі президент Франк Вальтер Штайнмайермен кездесті. Мемлекет басшысы келер жылы дипломатиялық қатынас орнағанына 35 жыл толатынын еске салып, бұл сапарды екіжақты ынтымақтастықтың айтулы оқиғасына балады. Артынша кездесу кеңейтілген құрамға ұласып, тараптар бірлескен декларация қабылдады. 

Мемлекет басшылары білім, медицина және мәдениет салаларындағы ықпалдастықты одан әрі жандандыруға бейіл екенін растады. Бұдан бөлек Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Канцлер Фридрих Мерцпен келіссөз жүргізді. Тараптар қос ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растап, «Орталық Азия - Германия» форматы аясында белсенді байланыс қарқынын сақтауға уағдаласты. Президент пен Канцлердің келіссөзі екі ел делегациясы мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне баса мән берді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Фридрих Мерцті елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Артынша Қазақстан Президенті мен Германия Канцлері БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Жиында қос елдің ынтымақтастығы мен Ресей-Украина арасындағы ахуал сөз болды. Ресми сапардың алғашқы күні білім саласындағы серіктестікпен қорытындыланды. Президент Германияның маңдайалды жоғары оқу орындары ректорларымен және ғылыми институт жетекшілерімен кездесті. Бүгінде еліміздің 45 университеті Германиядағы 100-ге жуық серіктеспен ынтымақтастық орнатқан. Қазір елде 40 мыңға тарта шетелдік білім алады. Ендігі меже - бұл көрсеткішті 100 мыңға жеткізу.

Сондай-ақ оқыңыз: