Балаларды цифрлық әлемнен қорғау тәжірибесі

Жасанды интеллект ересектердің ғана емес, балалардың да өміріне дендеп еніп жатыр.

Чат-боттардың жеткіншектер үшін пайдасы көл-көсір. Алайда оның қауіп-қатері де аз емес. Балаларды цифрлы әлемде қорғау үшін жаһанда қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

Халықаралық Pew Research Center зерттеу және сараптама орталығының мәліметі бойынша, американдық жасөспірімдердің 64 пайызы жасанды интеллектіге негізделген чат-боттарды пайдаланады. Бұл тұрғыда оқу барысында ақпарат іздеу, көмекке жүгіну бірінші орында тұр. Одан кейін ойын-сауық басымдыққа ие. Яғни пайдаланушылардың 47 пайызы чат-боттарға көңіл көтеру үшін жүгінеді. Ал 42 пайызы жасанды зерденің көмегімен мақала, кітап немесе бейнежазбаның қысқаша мазмұнын біледі. Жастардың 12 пайызы эмоциялық тұрғыда қолдау табуды немесе пайдалы кеңес алуды көздейді. Осы көрсеткіш мамандардың ерекше алаңдаушылығын тудырып отыр. Егер бұған дейін бала ата-анасы, достары немесе мектеп психологынан көмек іздесе, қазір ол өз уайым-қайғысын нейрожеліге оңай сеніп тапсыра салады. Бірақ сарапшы роліндегі жасанды интеллект балаларға әлеуметтік желілерден де бетер үлкен зиян келтіруі мүмкін деген қауіп бар.

Том Сигел, COMMON SENSE MEDIA ұйымындағы жастарға арналған ЖИ қауіпсіздігі институтының атқарушы директоры:

"Білім беру саласындағы орасан зор ықпалына байланысты Google компаниясына ерекше жоғары жауапкершілік жүктеледі. Менің айта алатын ең маңызды нәрсем – қазіргі уақытта бұл қарқынды бәсеңдету қажет. Жаңа функцияларды әзірлеу бойыншы белсенділікті төмендетіп, олардың балаларға қолжетімділік деңгейі мен қолданылу жиілігін азайтуымыз керек деп есептеймін. Бұл технологиялардың балаларға тигізетін теріс әсерін біз әлі де толық білмейміз. Ал қолданыстағы қорғаныс тетіктері тым әлсіз және тиімділігі әлі де жеткілікті зерттелмеген. Сондықтан ең алдымен, жаңа модельдерді шығара бермей, тежелу қажет." 

Цифрлық ортада балаларды қорғау мәселесі кейінгі кездері заңнамалық тұрғыда жиі талқыланып жатыр. АҚШ Конгресі кәмелетке толмағандардың жасанды интеллектіні пайдалану  қауіпсіздігіне қатысты бірқатар бастамаларды қарастыруға кірісті. Кейбір заң жобалары, соның ішінде жасөспірімдердің жеке деректерін қорғау, чат-боттармен өзара әрекеттесу және ақылды ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы құжаттар қос партияның да қолдауымен Сенаттың кіші комитеттерінде қаралып үлгерді. Дегенмен, заңдарды түпкілікті қабылдау үшін әлі де көп жұмыс істелінуі керек. Кейбір штаттарда жасанды интеллектіні реттейтін заңдар қабылданып жатыр. Биылғы жылдың қыркүйегінде Калифорния билігі "Адам заңын" қабылдады. Құжат былтыр жасанды интеллект чат-ботымен ұзақ уақыт сөйлескеннен кейін өзіне қол жұмсаған 16 жастағы Адам Рейннің құрметіне аталған. Бұл заң ірі жасанды интеллект әзірлеушілерін бала бойынан суицидтік ойлардың немесе ауыр психологиялық дағдарыстың белгілері анықталған жағдайда, міндетті түрде көмек көрсету және мамандарға қайта бағыттау тетіктерін енгізуге, жасты тексеруге және қауіпті контентті шектеуге міндеттейді.

Гэвин Ньюсом, Калифорния штатының губернаторы:

- Қазіргі ең үлкен мәселе функциялардың өзінде болып тұр Әсіресе скроллинг мен алгоритмдерге қатысты түйткілді шешу өте өзекті нәрсеге айналған. Осы мәселе шешімін тапса, жасқа қатысты сұрақ екінші орынға ысырылады. Дәл осы талап заң жобасының маңызын арттырып, өзекті етеді. Біз бұл заңды 16 жасқа дейінгі балаларымыз үшін әлеуметтік желілердің зиянымен күресудегі елдегі жетекші құжат деп атауға толық құқылымыз және оны мақтан тұтамыз. Әйтпесе қазіргі балалар өзіне келер зиянды білмейді, олар өте ақылды, тыйым салу жүйесін айналып өу жолдарын бәрібір тауып алады. Мұны жас шектеулерін енгізген Австралия сияқты басқа елдердің тәжірибесінен байқауға болады. 

Жаңа шаралар Еуроодақта да кеңінен талқыланып жатыр. Қыркүйектің басында Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді шешуге бағытталған заң жобасын таныстырды. Құжат әлеуметтік желілерде аккаунт ашу үшін ең төменгі жалпыеуропалық жасты белгілейді және 13 жасқа толмаған балаларға тіркелуге тыйым салады. Сонымен қатар, оларда үйреншікті ұсыныстар таспасы  және пайдаланушының назарын "арбайтын" басқа да интерфейстер болмайды. Осы ұсыныс арқылы ЕуроОдақ барлық балалар үшін бірыңғай ережелер қабылдағысы келеді. Енді бұл құжатты Еуропарламент пен Еуроодақ Кеңесі қарап, мақұлдауы тиіс.

Джулия Дэвидсон, Шығыс Лондон Университетінің профессоры:

- Меніңше, балалар үшін қауіпсіз желілік ортаны тек тыйымдармен ғана қалыптастыру мүмкін емес. Бұл өте ауқымды мәселе. Балаларды қорғау саласында ұзақ уақыт жұмыс істеп келе жатқан менің және әріптестерімнің бірнеше мәселеге қатысты алаңдаушылығы бар. Мысалы, шектеулер цифрлық сауаттылық дағдыларын дамыту мүмкіндіктерін азайтуы мүмкін. Техникалық дағдылар сияқты онлайн тұрақтылық та өте маңызды. Шын мәнінде, балалар мен жастар әлеуметтік желілер заманында өсіп жатыр. Сонымен қатар, тыйым салу әлеуметтік желілерді пайдалануды бақылау жауапкершілігін технологиялық компанияларға жүктеп отыр. Яғни олардан балаларға платформалардың бейімделген нұсқаларын жасау талап етілмей, бұл міндет балалар мен ата-аналардың иығына артылып қоятын сияқты. 

Цифрлы қауіпсіздік туралы талқылаулар аясында  жасанды интеллектіге негізделген балалар тауарларының нарығы да қарқынды дамып келеді. Әртүрлі зерттеу компанияларының бағалауынша, биыл "ақылды" ойыншықтар мен балалар тауарларының әлемдік нарықтағы көлемі биыл 42 миллиард долларға жетуі мүмкін. Бұл санатқа баламен сөйлесе алатын, сұрақтарға жауап беретін және оның қызығушылықтарына бейімделетін смарт ойыншықтар мен құрылғылар жатады. Дегенмен, мұндай технологиялар бала өміріне белсенді енген сайын жасанды интеллектімен қарым-қатынастың қауіпсіздігі және жеткіншектің жеке деректерінің қорғалуына кім кепілдік береді деген мәселе өзекті болып отыр.

Авторы Ернат Қашқынов

Сондай-ақ оқыңыз: