Туризмге салынған инвестиция 1,3 трлн теңгеге жетті
2026 жылдың тоғыз айында туризм саласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 1 трлн 319 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68%-ға көп, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Биылғы бірінші жартыжылдықта қонақүйлер мен өзге де орналастыру орындары 5 млн-ға жуық адамға қызмет көрсетті. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңінен 5%-ға көп. Көрсетілген қызмет көлемі 15%-ға өсіп, 173,7 млрд теңгені құрады. Туризм саласында 565 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл – елдегі жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 6%-ы.
2026 жылы өңірлерде жалпы құны 19,5 млрд теңге болатын 15 туристік инфрақұрылым жобасы аяқталды. Жыл соңына дейін құны 159 млрд теңге болатын тағы 38 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2025-2026 жылдары жалпы сомасы 78 млрд теңгеге 64 инвестициялық жоба іске асырылып, 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды.
Жетісу облысында Алакөл жағалауын бекіту жұмыстары жалғасуда. Жобаның жалпы құны – 17,8 млрд теңге. Оған 2025-2026 жылдары 5,5 млрд теңге бөлінді, тағы 10,5 млрд теңге Инфрақұрылымдық даму қорынан көзделген. Алматы облысында Қайыңды көліне және «Көшпенділер қаласы» туристік нысанына апаратын жолдар салынды. Абай облысында құны 7,9 млрд теңге болатын «Алакөл – Көктал» электр желісінің құрылысы жүріп жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Щучье-Бурабай курортты өңірін, Маңғыстау туристік өңірін және Алматы тау кластерін кешенді дамыту жоспарлары бекітілді. Оларда барлығы 293 іс-шара қарастырылған. Оның 61-і орындалды, тағы 232-сі іске асырылып жатыр.
Биыл туристік автобустар үшін ұйымдасқан туристік топтардың мемлекеттік шекарадан өтуін жеңілдететін «жасыл дәліз» тетігі енгізілді. 18 жасқа дейінгі балаларға ұлттық парктерге кіру тегін болды. Ұлттық парктердің жер учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалану мерзімі 25 жылдан 49 жылға дейін ұзартылды.
Биылғы тоғыз айда 24 жаңа халықаралық әуе бағыты ашылды. Қазір 31 елмен 137 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы жолға қойылған. Кендірлі, Зайсан және Катонқарағайда үш жаңа әуежай салынып жатыр.