Енді депутаттар үлкен жауапкерлікті мойындарына алулары керек – саясаттанушы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттілікті қайта бөлу жөніндегі үндеуі еліміздің сарапшылар қоғамдастығында талқыланды.

Саясаттанушылар мен заңгерлер тың ұсыныстардың республикамыздың саяси-экономикалық дамуына оң ықпал ететінін айтады.

Еске сала кетейік, Елбасы Үкімет пен Парламентке президенттің 40-қа жуық өкілеттігін беруді ұсынған болатын.

Мәдина Нұрғалиева, ҚСЗИ Алматы өкілдігінің басшысы, саясаттанушы:

- Осы конституциялық өзгертулер Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында және бес институционалдық реформада жатыр. Бұл бірінші және бесінші реформалар. Негізгі мақсат – бұл кәсіби мемлекет құру және қоғамның мүддесіне бағынышты мемлекет моделін жасау. Конституциялық реформалар Парламентті, яғни Мәжілісті күшейту керек деген ойды түйіндейді. Енді депутаттар үлкен жауапкерлікті мойындарына алып, өздерінің ой елегінен көптеген мәселені өткізу керек. Бұл мемлекеттік бағдарламаларға және үкімет құрамын жасақтау мәселелеріне де қатысты болады.