Қ.Тоқаев: QazVac дүниежүзінде мойындалып жатыр, баршаңызды құттықтаймын

Қ.Тоқаев: QazVac дүниежүзінде мойындалып жатыр, баршаңызды құттықтаймын
фото: akorda.kz

Бұдан былай елімізде жыл сайын инфекциялық ауруларға қарсы 60 млн доза вакцина шығарылады.

Арасында QazVac-тан бөлек, тұмау мен туберкулезге және өзге де жұқпалы індеттерге қарсы екпелер бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Жамбылдағы «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары» ғылыми-зерттеу институтының жанынан биофармацевтикалық зауыт ашылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отар елді мекеніне арнайы келіп, нысанды аралап көрді. Мұндай жоба Орта Азия аумағында алғаш боп біздің елде жүзеге асып отыр.

Шынар Асанқызы, тілші:

- Біз қазір Жамбыл облысының Отар елді мекеніндеміз. Былайғы жұрт Отарды әскери база ретінде біледі. Ал, сол әскери гарнизонның ішінде Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми зерттеу институты орналасқанын екінің бірі біле бермейді. Бұл мекеме халық жиі қоныстанған елді мекендерден алыста орналасқан. Өйткені мұнда адам мен жануарлардың ең қауіпті ауруларына қарсы вакцина шығарылады. Отандық QazVac та дәл осы жерде дайындалған.

Институттың құрылғанына 60 жылдан асты. Биологиялық қауіпсіздік саласында тәжірибесі мол. Сол тәжірибе пандемия уақытында кәдеге жарады. Сыры беймәлім дертке қарсы екпені дайындап шығуға дәл осы орталықтың ғалымдары бел шеше кірісті.

Қуандық Жүгінісов, Микроағзалар коллекциясы зертханасының меңгерушісі:

- Әрине, алғашқы кезде өте қиын болды. Өйткені вирус бізге беймәміл болатын. Вирусты алғаш рет тышқандарға, жануарлаорға салған болатынбыз. Бақытымызға орай деп айтсақ болатын шығар. Сол вирус салған зертханалық жануарлар тірі қалды. Клиникалық белгілері аурудың түрлері байқалмады.

QazVac-ты көз майын тауысып әзірлеген ғалымдар: «оның сапасына халық күмән келтірмесе» дейді. Өзге вакциналардан артықшылығын тізіп берді. Ең бастысы, вирустың штамдары қанша өзгерсе де, QazVac-тың тиімділігі жойылмайды. Қазірдің өзінде 40-тан астам ел қызығушық танытып, сұраныс жіберіпті.

Лесбек Құтымбетов, Аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасының меңгерушісі:

- Дүниежүзінде жасалып жатқан вакцинаның тиімділігінен біздің вакцинанның тиімділігі төмен емес. Жоғары деуге болады. Бұның жақсы жері заласыз. Кез келген адамға сала береді. Кейбір хроникалық аурулары бар адамдар, диабет, аллергиясы бар адамдарға қорықпай сала берсе болады. Сол вакцинаны дайындаған кезде өзіміз салдырдық.

Президент зауыттың технологиялық желісі мен зертханасын түгел аралап көрді. Сосын отандық вакцинаның індетті жеңуге үлес қосарына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ия, баршаңызды құттықтаймын. Шын мәнінде үлкен жетістік. Еліміз үшін өте қажетті өндіріс. Жаңа ғана қарап шықтым. Негізгі жұмыс орындалды. Бәрі дұрыс. Енді бұл жұмыс жалғасын табады. Келесі жылы жалғастырамыз, вакцина өте тиімді. Гуманитарлық көмек ретінде бұл вакцинаны Ауғанстанға, басқа мұсылман елдеріне жібереміз. Дүниежүзінде мойындалып жатыр, баршаңызды құттықтаймын. Ризашылығымды білдіремін.

Шынар Асанқызы, тілші:

- Коронавирусқа қарсы отандық препарат өзінің тиімділігін тағы бір дәлелдеді. Күні кеше қазақстандық вакцинаға халал сертификаты берілді. Мұндай құжат әзірге әлемдегі бірде-бір вакцинада жоқ.

Қауіпті вирустың штамы бар жерде тәртіп те қатал. Сондықтан тілшілер тобы зауытқа кірмес бұрын қатаң тексерістен өтті. Беті-аузымызды түгел тұмшалауға тура келді.

Вакцина жасау процесі 5 кезеңнен тұрады. Алдымен адамның организміне ұқсас клетка өсіріп, оған кәдімгі тірі коронавирусты жасанды жолмен жұқтырады. Сосын мұны қайтадан жансыздандырады. Ең қауіпті процесс те осы. Ал, одан кейін бірнеше сатыдан тұратын тазалаудан өтеді.

Бұл – вакцина жасау процесінің ең маңызды кезеңдерінің бірі. Дәл қазір мына терезенің ар жағында зауыт қызметкерлері вакцина құю ісімен айналысып жатыр. Әрине, ол жаққа кіруге бізге рұқсат берілмейді. Тіпті зауыт директорының өзі кіре алмайды екен. Себебі вакцина құюмен арнайы рұқсаты бар, тексерістен өткен он қызметкер ғана айналысады. Бірақ біз жаңа ғана құйылған отандық вакцинаны ұстап көру мүмкіндігіне ие болдық. Міне, QazVac.

Әзірге жаңа зауыттың алғашқы блогы жұмыс істеп тұр. Егер толық іске қосылса, айына 2 млн доза QazVac шығаруға қауқарлы. Бірақ жұмыс күші болмаса, заманауи техниканы қаңтарып қойғаннан пайда жоқ. Өкініштісі, елімізде 15 жылдан бері вирусолог мамандар даярланбай келген екен. Тек биыл ғана Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қабырғасында докторантура мен магистратура ашылыпты. Бірақ әзірге үш-ақ талапкер қабылданған.

Күнсұлу Закарья, «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ҒЗИ» бас директоры:

- Жас мамандар келмейді мынандай ауылды жерлерге, жастар келе бермейді. «Болашақ» бағдарламасын аяқтаған бірде-бір маман жоқ. Сондықтан зауыт болып тұрып кадр болмаса, ол мәселе шешілмейді.

Мекемеге мықты мамандарды тарту үшін мемлекет бар жағдайды жасап отыр. Президент тапсырмасымен қызметкерлерге арналған 180 пәтерлі үй салынды. Жанында спорт-сауықтыру кешені бар. Ғалымдардың жалақысы екі есе артты.

Мемлекет басшысы өңір әкімінің әлеуметтік-экономикалық даму туралы есебін де тыңдады. Биыл облыста экономикалық өсім 5,5%-ке жеткен. Сырттан 232 миллиард теңгедей инвестиция тартылыпты.

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:

- Өзіңіздің тапсырмаңызбен бюджеттен тыс әлеуметтік нысандар салынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы бұл облыс қарқынды дамып келе жатыр. Өсім бар. Шешілмеген мәселелер де бар. Онсыз болмайды. Ұсыныстарыңызды мен өзім қарап, мән берем. Амандық болса, шешіп тастаймыз. Ал вакцинаға келсем, Қазақстан дүниежүзіндегі ең озық мемелкеттердің қатарына кірді. Бұл Жамбыл облысымен байланысты. Сондықтан құтты болсын. Сіздің еңбегіңіз белгілі. Сондықтан ризашылығымды білдіремін.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Бақытбек Нұртаев, Ербол Дайыров