«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына ұсынылған жобаларда экологияға басымдық берілген

Ел тарихында ерекше орын алатын Орбұлақ шайқасының 3D үлгісі. Ұлт демографиясын дамыту жолы мен өскелең ұрпақ бойына рухани тәлім-тәрбиені сіңіру тәсілі. Биыл алғаш рет тағайындалған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына осы бағыттағы 30 жоба лайық деп танылды. 

«Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант иелерін бүгін Ақордада Президент қабылдады. Бас резиденцияға егемендіктің 30 жылдығына арналған байқауда жеңіске жеткендер жиналды. Әрбіріне 3 млн теңге қаржылай сыйақы берілді. Енді олар ойға алған жоспарларын жүзеге асырады. Солардың бірі «Hi School» білім беру орталығының жетекшісі Әлиғазы Айдарханов. Онлайн платформа әзірлеп, өрендерге заманауи бағытта білім беруді бастамақ.

Әлиғазы Айдарханов, Hi School онлайн білім беру орталығының жетекшісі:

- Командамызбен неге осындай қызықты форматта сабақ жасамасқа деген шешімге келдік. Соның нәтижесінде Hi School деген жобамызды жүзеге асырып жатырмыз. Мысалы, біз Орбұлақ шайқасы туралы видеосабақ жасадық. Бұл жерде өткен жылы және болған жері ғана емес, аймақтың 3D моделін жасадық. Оқушы сол жерде жүргендей маңызын түсіне алады.

Ал Думан Әкім кіші буын өкілдерінің бойына рухани тәлім-тәрбие сіңіреді. Театр және ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырады. Ол үшін кең ауқымда фестиваль ұйымдастырып, өнерлі өрендерді іріктемек. Оның «Театр, шығармашылық, талант» атты жобасы «Мәдениет» аталымында жеңіске жетті. Думан секілді Антон Ивлевтің де идеясы үздіктер қатарында.

Антон Ивлев, «1С-Рейтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бағдарламашысы:

- Мен демографиялық деректерді талдайтын ыңғайлы жүйе құрғым келеді. Ол жерге барлық мәліметтерді жинақтап, дұрыс болжам жасаудың әдіс-тәсілін енгіземін. Бастысы, ғалымдарға қолайлы болады. Демографияны зерттеу, саралау, сараптау ісі заманауи форматқа ауысады.

Бұл осыдан тура 30 жыл бұрын дербес мемлекет атанған елдің ойы еркін, рухы азат жастары. Тәуелсіздікпен бірге жасап келе жатқан ұрпақ. Алды Отанымыздың өсіп, өркендеуі жолында еңбек етіп келеді. Енді бірі мектеп қабырғасында жүрсе де талабы және талантымен танымал. Грант осы ұл-қыздарды қолдау әрі ынталандыру мақсатында тағайындалды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен грант жеңімпаздары ұсынған жобалармен танысып шықтым. Бұл жобалардың көпшілігінде экологияға баса мән берілгенін байқадым. Бұл өте дұрыс. Өйткені қоршаған ортаны қорғау – қазір барша адамзат үшін аса маңызды мәселе. Кеңбайтақ жеріміздің бірегей табиғатын сақтау – бәріміздің қасиетті борышымыз. Жастардың тың идеялары нақты жүзеге асып, халықтың игілігіне айналады деп сенемін. Шын мәнінде бұл еліміздің мерейтойына Тәуелсіздік ұрпақтарының тартуы болмақ. 

Байқауға ұсынылған жобалар жастардың ел тәуелсіздігіне тартуы деуге болады. Президент елдегі экология мәселесіне қатысты батыл бастамалардың көп екеніне назар аударды. Демек, туған жердің табиғаты ешкімді бей-жай қалдырмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы дағдарыс кезінде «Болашақ» атты ауқымды білім бағдарламасының жүзеге асырылды. Ол - Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы. Соның арқасында әлемнің үздік жоғары оқу орындарында елімізден мыңдаған жас білім алды және әлі де оқып жатыр. Олардың көбі Қазақстанның қарқынды дамуына зор үлес қосып келеді. Президенттік жастар кадрлық резерві тиімді әлеуметтік лифтке айналды. Бұл бастама жастардың, өршіл кәсіби мамандардың мемлекеттік басқару жүйесінде өзін тағы бір мәрте дәлелдеуіне мүмкіндік береді. 

Жастар үшін елімізде тұрғын үй бағдарламалары мен арнайы жобалар да жүзеге асып жатыр. Мәдениет, ғылым және білім саласында табысқа жеткендер мемлекеттік сыйлыққа ие болады. Бүгінгі шара сол игі дәстүрдің лайықты жалғасы. 

Рауан Мыңбаев