Павлодарда мұнай-химия зауытының бас директоры ұсталды

Павлодардағы мұнай-химия зауытының бас директоры Оспанбек Әлсейітов екі айға қамауға алынды. Оған бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып отыр.

Қаржы мониторингі Агенттігінің аймақтық департаменті таратқан мәлімет бойынша Павлодар мұнай-химия зауытының бас директоры өзге топтармен сөз байласу арқылы мұнай өңдеу зауытының дизель отынын өндірудегі компаундтау үрдісін аутсорсинге заңсыз өткізіп жіберген. Тексеру құпиялылығына байланысты басқа ақпараттар берілген жоқ. 

Естеріңізге сала кетсек, Оспанбек Әлсейітов Павлодар мұнай-химия зауытын 2017 жылдан бері басқарып келеді. Ол сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаты. Мұнай- химия саласындағы жалпы еңбек өтілі – шамамен 25 жыл.