Қазақстан мен Түрікменстан президенттері оннан астам құжатқа қол қойды

Қазақстан мен Түрікменстан іргесі ажырамаған, мәдениеті, тарихи құндылықтары ұқсас мемлекеттер. Ежелден аралас-құралас. Тату көршіміз. 

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына биыл 30 жыл. Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовтің біздің елге алғашқы мемлекеттік сапарының осы датамен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар деп атады. Қорған Қонысбайұлы жалғастырады.

Қорған Қонысбайұлы, @KORGANTORE

- Биыл ғана әкесінің орнына отырған Сердар Бердімұхамедовпен Қасым Жомарт Тоқаев өткен маусым айында ғана Ашхабадта кездескен еді. Енді бүгін Ақордада қарсы алып жатыр. Бұл кіші Бердімұхамедовтың елімізге алғашқы мемлекеттік сапары. Протокол бойынша әнұран шырқалды. Осыдан соң мемлекетке құрмет көрсетіп, түрікмен басшысы көк туға басын иді.

Осыдан соң Мемлекет басшысы елге Президент ретінде алғаш келген әріптесін екі жақты кездесу өтетін шығыс залына алып барды. Жайғасқан соң қазақы кеңдігімен мейманына қош келдіңіз деді. Сапарының мәні зор екенін айтты. Екі ел де байланыстың аясын кеңейтуге бейілді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Түрікменстан – Қазақстан үшін бауырлас мемлекет. Біздің тарихымыз бен шекарамыз ортақ. Бізді мәдени-гуманитарлық салалар және экономикалық мүдде секілді көп бағыттар байланыстырады.

Өз кезегінде Сердар Бердімұхамедов қазақ жеріне табан тірегеніне қуанышты екенін жеткізді. Көктемде президент болып сайланған Сердар Бердімұхамедов қазір сыртқы саясатқа басымдық беріп жатыр. Қазақстанмен де серіктестікке серпін бергісі келеді. 

Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан президенті:

- Құрметті Қасым Жомарт Кемелұлы, осы қазан айының бесінде Қазақстан мен Түрікменстан арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына  30 жыл толды. Осы жылдарда екі ел арасындағы қатынастар кең ауқымды бағыттар бойынша табысты дамыды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізді аталған маңызды датамен құттықтағым келеді.

Екі ел сауда-экономикалық қарым-қатынастарды кеңейткісі келеді. Бұл жөнінде кеңейтілген құрамдағы отырыста айтылды. Қазір арадағы тауар айналымы мәз емес.  Тараптар енді өзара сауда-саттық көлемін 1 миллиард долларға дейін жеткізуге уағдаласты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Мен Каспий процесі деп аталатын ынтымақтастығымыз бен өзара іс-әрекетімізді атап өткім келеді. Жақында Ашхабадта Каспий саммиті өтті. Жиын оң нәтижеге қол жеткізу және түркімен тарапының қонақжайлық көрсету тұрғысынан да табысты өтті. 

Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан президенті:

- Менің Қазақстан Республикасына алғашқы мемлекеттік сапарымды елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардағы ең маңызды оқиға деп санаймыз. Оның негізгі мақсаты – екіжақты стратегиялық әріптестікті барлық салада нығайту. Сонымен қатар қазіргі жағдай мен даму үрдістерін ескере отырып, Орталық Азия аймағында және халықаралық аренада мемлекетаралық ынтымақтастықтың нақты бағдарларын айқындау. Түрікмен-Қазақстан саяси диалогы, сауда-экономикалық серіктестіктің мазмұны мен бағыты кешенді сипатқа ие болып, келісілген стратегияға және біздің іс-әрекеттеріміздің үйлестірілуіне және ең алдымен, екі халық пен мемлекеттің ұзақ мерзімді мүдделеріне негізделуі тиіс екеніне сенімдімін. Бүгінде елдеріміз арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді.

Екі елдің қатынасында сауда-саттық көлемі 1 миллиард долларға дейін жеткізіледі дедік қой. Тараптар энергетика, көлік және логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларына басымдық берілмек. Алдағы уақытта түрікмендерге бидай, ұнды ғана емес, өзге де азық-түлікті жөнелтеміз. Қазақстан Түрікменстанға өнімнің 80 түрін ұсына алады. 

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: 

- Тағы бір мәселе Түрікмендердің жері арқылы біздің тауарды өзге елдерге шығару. Тараптар логистикалық байланысқа да серпін беруге келісті. Ең бастысы, тамыры бір қазақ пен түрікменнің арасындағы барыс-келісті көбейту үшін пандемия салдарынан тоқтап қалған әуе қатынасын жандандыру жөнінде келісім жасалды. Президенттердің қатысуымен бүгін оннан артық құжатқа қол қойылды.