Қ.Тоқаев Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды

Президент Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды.

Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайдан өзбек басшысы Шавкат Мирзиёев күтіп алды. Тараптар ертең келіссөз жүргізіп, екі жақты іс-әрекеттің өзекті мәселелерін талқыламақ. Әрі өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді қарастырады. 

Қорған Қонысбайұлы@Korgantore:

- Қазақ басшысының ұшағы Ислам Кәрімов атындағы әуежайға түс ауа келіп қонды. Қасым-Жомарт Тоқаевты борт алдынан өзбек президенті қарсы алды. Көріп жүреміз, бірқатар елдің басшыларын премьер-министрлер күтіп алатын. Ал қазақ әріптесіне Мирзиеев қарамағындағыларын жіберген жоқ. Өзі келді.  

Қазақ пен өзбек басшыларының қатынасы саяси әріптестіктен гөрі бауырмалдыққа негізделген. Тоқаев пен Мирзиеев ағалы-інілі болып қатынас жасайды. Екі президент тек биылдың өзінде телефонмен 12 рет сөйлескен. Әрісін айтпағанда қыркүйектен бері екі көшбасшы 4 рет кездесті. Бүгінгісі бесінші жүздесуі. Әрі қазақ президенті сайлаудан кейінгі алғашқы мемлекеттік сапарын осы елге арнап отыр. Мемлекеттік сапардың мақсаты – ағайынды екі ел арасындағы экономикалық қатынастың аясын мейлінше кеңейту. Президент сапарының аясында бүгін Ташкентте қазақ пен өзбектің бизнес форумы өтті. Осы жиында екі тарап 40 құжатқа қол қойды. Ертең Президенттердің қатысуымен өтетін кездесуде тағы миллиардтардың келісімі бекиді.

Серік Жұманғарин ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:

- Ең маңыздысы казфосфат АҚ Өскеменсанатпен  бірігіп удобрения шығаратын ферғана мен нравоиде завод салайын деп жатыр. Екіншіден, Қазақстанның биай груп компаниясы Мурад бюлдингпен бірігіп, үлкен тұрғын үй құрылысын бастап жатыр. Көлемі 1 6 млрд доллар. Биыл қол қоямыз, келесі жылы бастаймыз.

Қазақ пен өзбек арасында жүк керуені тоқтаған емес. Биылғы 10 айда сауда айналымы 4 миллиард доллардан асқан. Ендігі меже - 10 миллиард доллар. Өзбектер бізден нігізінен бидай, ұн, ет алады. Ет демекші, Қазақстан алдағы уақытта ұсақ мал мен ірі қараны тірідей сатады. Қазір бізде түлікті тірі күйінде экспорттауға болмайды. Енді жаңа ереже әзірленіп жатыр. Санаулы күнде 60 мың ірі қара мен 120 мың бас ұсақ мал шетелдерге экспортталады. Дені осы Өзбекстанға кетеді. 

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Ол негізі мал шаруашылығы иелерінің сұрап отырған мәселесі. Себебе Өзбекстанға қазақсанға тірідей малды алып кеткенде бағасы жоғары соны ескеріп, осындай квота ескеріп, тірі малды шығарудың мүмкіндігін ашып отырмыз. Негізі осы жылды алатын болсақ, осы жылда келген төлдің 5-7 пайызы. Сондықтан ішкі нарықтың бағасына қатты әсер етпейді, ет бағасының өсуіне алып келмейді деп отырмыз.

Өзбектердің туризмдегі мүмкіндігі мол. Бұл елге саяхаттап келетіндер көп. Осыны пайдаланып Түркістан-Самарқанд-Ферғана арасында тікелей әуе рейсін ашу көзделіп отыр. Алашапанды ағайын бастаманы құптады. Сөйтіп туристер бір бағытпен екі елдің көрікті жерін аралай алады. Бұдан бөлек, қазақ пен өзбек бірлесіп, Түркістан өңірінде сүт фермасы мен тоқыма фабрикасын салады. 

Ермек Кенжеханұлы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:

- Өздеріңіз білесіздер мына тоқыма фабрикасы Түркістан республикадағы мақта шығаратын жалғыз өңір. Бізде 340 мың тонна мақта өндіріп жатырмыз. Соны біз әрі қарай тоқыма фабрикасына өңдеуге жұмыстар жасап жатырмыз. Соған келісімге келіп жатқан Өзбекстан тарапы болып жатыр. 

Бизнес форум өз алдына. Қазақ пен өзбек басшылары ертең жеке кездесіп, келіссөз жүргізеді. Сүбелі келісімдер сол кезде жасалмақ. Жалпы кездесу кезінде екі президент сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және көлік-транзиттік ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдарын талқылайды деп жоспарланып отыр. Соның бірі Ауғанстан арқылы Пәкістанға шығу. Сарапшылар ертеңгі кездесуде президенттер бұл мәселені де пысықтауы мүмкін дейді. Өзбекстан Ауғанстан Пәкістан бірлесіп темір жол салуға уағдаласқан. Қазақстан да құрылысқа қатысуды көздейді. Әйтпесе қазір Пәкістанға шығуға мүмкіндік аз. Ал ол жақ 200 млндық нарық. 

Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев, Алмас Омағалиев, Ділмұрат Сейдаханов