Үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жоюы керек – Тоқаев

Үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жоюы керек. Барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын жыл сайын бағалау жүйесін енгізу қажет.

Әйтпесе қазір аймақ басшылары жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады. Кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысы осындай сын айтты. Сосын ауыл халқының тұрмысын жақсартып, табысын арттыруды бұйырды. Жиында денсаулық сақтау және білім салаларындағы кемшіліктер де айтылды.

Алдымен денсаулық сақтау саласы хақында. Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көңілі толмайтынын жеткізді. Бұл өзі талайдан бері сынның астында қалған жүйе. Қаржысы дұрыс бақыланбайды.

Медициналық сақтандыру қорының өңірлік филиалдары тексеріледі. Себебі томаға тұйық жұмыс істейді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде  жемқорлық болуы мүмкін. Мемлекет басшысы денсаулық сақтаудың интеграцияланған платформасын жедел жүзеге асыруды міндеттеді.

Жә. Келесі білім. PISA халықаралық зерттеуінің мәліметінше, еліміз соңғы 10 жылда орта білім сапасы бойынша 80 елдің ішінде елуінші-алпысыншы орыннан көтерілмеген. Демек, оқыту ісінде жағдай мәз емес. Басты түйткілдің бірі...

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Басты түйткілдің бірі балалардың білімін біржақты бағалау. Елімізде білімнің сапасына емес, көрсеткіштің жоғары болуына баса мән беріледі. Оқушылардың бірыңғай ұлттық тестілеуден алған бағасы мен мектептегі бағасы екі түрлі. Айырмашылық 30 пайыз немесе одан да көп болуы мүмкін. Сондай-ақ осындай алшақтық халықаралық және ұлттық бағалау кезінде байқалады. Ашығын айтсақ, мұның бәрі жаппай белең алған көзбояушылықтың кесірінен болып отыр.

Білім сапасы бойынша 5 өңірдің көрсеткіші республикалық деңгейден төмен. Бұлар Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Түркістан және Алматы облыстары. Жаңа мектеп салу қарқыны демография мен халықтың көші-қонына ілесе алмай келеді. Әсіресе, проблема үлкен қалаларда. Білім ордаларында 260 мыңнан аса оқушыға орын жетпейді. Үш ауысымды – 143, апатты жағдайда – 52, ағаштан және саманнан салынған 300-ден астам мектеп бар.

Алтай Көлгінов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары

Жыл сайын 950 мың адам жұмыспен қамтылады

Үкімет пен әкімдер 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмыспен қамтуға тиіс. Оның 2 миллион 200 мыңы жастар. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар.

Президент ауыл халқының тұрмысын жақсартуды тапсырды

Үкімет ауылды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледі. Осы арқылы ауыл халқының табысын арттырып, тұрмысын жақсарту көзделіп отыр. Әйтпесе бізде ауыз су мен жолдың жыры бітпеген ауылдар жетеді.

Архат Әбдірахманов, Мамырсу ауылының тұрғыны:

- Қанша депутат, үлкен кісілер ауылға келеді. Бірақ қай көшемен алып келетінін білмейміз. Бұл жолға ешкім назар аудармайды. Амалсыз ауыл азаматтары өзіміз жасайық деп жанталасып жатырмыз

Тыныштықбек Байболов, Мамырсу ауылының тұрғыны:

- Біздің ауылымыздың іргесінде үш асфалть зауыты тұр. Солар неге бізге көмектеспейді? Мына жолды жасап беруге болады ғой.

Ауыл халқының проблемасын Мемлекет басшысы біледі. Айтып та келеді. Бүгін кеңесте ауылдарды дамыту бойынша әкімдерге нақты тапсырма берді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жолдарды жөндеу арқылы ауылдың тұрмыс сапасын жақсарту – әкімдердің басты міндеті. Ауыл тұрғындары таза сумен және тұрақты электр қуатымен толық қамтамасыз етілуге тиіс. Сондай-ақ мобильді байланыс және интернет қолжетімді болуы керек. Елге қаптаған статистика емес, нақты нәтиже, жылдам интернет, сапалы байланыс керек.

Әкімдердің жұмысын бағалау жүйесі енгізіледі

Сөз соңында Президент мемлекеттік басқаруға тоқталды. Былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев вице-министрлер құрамының сапасына талдау жүргізуді тапсырған еді. Сөйтіп әрбір лауазымды тұлғаның жеке және кәсіби құзыретіне баға берілді. Енді дәл осындай талдау қазір облыс әкімдерінің орынбасарларына қатысты жүргізіліп жатыр. Кезек бірінші басшыларға да жетеді. Бүгін Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын жыл сайын бағалау жүйесін енгізу керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату айрықша маңызды. Әрбір аймақтың өз ерекшелігі және «әлсіз тұстары» бар. Өкінішке орай, әкімдер соны біле тұрып алдағы қиындықтарды уақытылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады.

Қ. Тоқаев: Үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жоюы керек

Қорған Қонысбайұлы @KORGANTORE

- Жасырмаймыз, жарияланған көптеген реформа әлі де баяу жүріп жатыр. Жұмыс уақытында істелуі қажет. Әйтпесе бізде 2010 жылдан бері созылып келе жатқан тапсырмалар бар. Мұндайға енді жол берілмейді. Мемлекет басшысы кеңес соңында Үкіметке ескі жұмыс тәсілін түбірімен жоюға пәрмен берді.

Қорған Қонысбайұлы