Президент балалар құқығын қорғау жүйесін нығайтуды тапсырды

Мемлекет басшысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтуді тапсырды.

Жеткіншектерге қатыгездік жасау фактілеріне дер кезінде мән беріп, жасөспірімдер арасындағы суицид әрекеттерінің алдын алу қажет. Бүгін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинді қабылдаған Президент, арнайы білім алуға мұқтаж балаларды қолдауға, жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарды баспанамен қамту мәселелеріне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев «кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін пәрменді шаралар қабылдау қажет», - деді. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерді қолдау маңызды екенін атап өтті. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Президентке атқарылған жұмыстар жайында есеп берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бала құқығын қорғау және денсаулығын сақтау жүйесін нығайту аса маңызды екенін атап өтті. Сондықтан балаларды қорғауға қатысты барлық ұсыныс пен бастаманы жүзеге асырмас бұрын мұқият зерттеу қажет.