Мемлекет басшысы Алматыдағы Аюсай бөгетіне барды
Алматы қаласында жұмыс сапарымен жүрген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Аюсай бөгетіне барды.
Бұл нысан алматылықтарды сел тасқынынан қорғауға арналған. Бөгет Үлкен Алматы өзенінің бассейнінде орналасқан. Ал оның жоғары жағында сел қаупі бар 98 учаске, 89 мұздық, 20 мореналық және мұзды көл бар. Енді бұл нысан 500 мыңнан астам халық пен 2 мыңға жуық ғимаратты табиғи апаттан қорғайтын болады. Бөгет жұмысымен танысқан Мемлекет басшысы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін селден қорғау шараларын жүргізу маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Аюсайда президентке пилоттық жоба аясында орнатылған 31 цифрлық гидробекет те таныстырылды. Бұл қондырғылар судың жылдамдығына, температурасына, лайлылығына және басқа да көрсеткіштерге онлайн режимде мониторинг жүргізеді. Мұндай технологиялар келешекте еліміздің жеті таулы аймағында қолданысқа енгізіледі. Ондағы мәліметтер төтенше жағдайлар министрлігінің бірыңғай ақпараттық жүйесімен интеграцияланатын барлық ғылыми ұйым мен салалық ведомстволарға қолжетімді болады.