Бішкектегі жағдай: Астанада кездесу өтеді

Қырғызстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Авазбек Атаханов осы елдегі Пәкістан елшісі Әли Зайгаммен кездесті.

Тараптар Бішкекте жергілікті азаматтар мен пәкістандық студенттер арасында болған оқиға барысын талқылаған. Қырғыз билігі жанжал біржола реттелді, жағдай бақылауда деп мәлімдеді. Пәкістан елшісі ақпарат үшін алғысын білдірді. Қазір тәртіпсіздіктерге қатысы бар күдіктілерден жауап алынып жатыр. Сондай-ақ тараптар Астанада 21 мамырда Қырғызстан мен Пәкістанның Сыртқы істер министрлерінің кездесуін өткізуге уағдаласты.

Естеріңізге сала кетейік, жергілікті ақпарат құралдары 13 мамырда Бішкектегі хостелде төбелес болып, пәкістандық студенттер жергілікті азаматтарды ұрып-соққанын хабарлаған болатын. Ал 18 мамырға қараған түні жүздеген адам шетел азаматтары тұратын хостел маңына жиналып, 13 мамырдағы оқиғаға қатысты кек алмақ болған. Осыған байланысты полицейлер тосқауыл қойып, тәртіпсіздіктің алдын алды.