Тоқаев жетекші кәсіпорындармен танысты (ФОТО)

Президент елорданың индустриялық паркіндегі жетекші кәсіпорындармен танысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың маңызды нысандарын аралауды, алдымен, №1 Индустриялық парктен бастады. Мұнда Мемлекет басшысына елорданың инвестициялық тартымдылығы жөнінде мәлімет берілді.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың баяндауынша, алғашқы жартыжылдықта елорданың аймақтық жалпы өнімінің көлемі 4,7 триллион теңгені құраған. Өсім көрсеткіші – 4,1 пайыз. АЖӨ құрылымындағы үлестің басым бөлігі, яғни 73 пайыздан астамы шағын және орта бизнеске тиесілі. Ал инвестицияның үлесі – 11,5 пайыз.

Инвестиция тарту ісінде №1 Индустриялық парк айрықша рөл атқарады. Мұнда жалпы инвестиция сомасы 322 миллиард теңге болатын 100 жоба жүзеге асырылып жатыр. Парк өндіріс ауқымы жағынан республикада бірінші орын алады. Іске қосылған сәттен бері өндіріс алаңында 6,7 триллион теңгенің өнімі шығарылған.

Президент елорданың дамуына ірі өндіріс орындары аса қажет екенін айтты.

Астана халқының саны өсіп келеді. Таяу жылдары 1,5-2 миллион адамға жетуі мүмкін. Сондықтан тұрғындарды, жастарды жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысына арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Тау-Кен Алтын», «Stadler Kazakhstаn», «DSS», «ЭНКО», «DUYQAZ», «ВМП Астана» және «MFA International» секілді жетекші кәсіпорындардың жетістіктері таныстырылды.

Құрамында қымбат металдар бар шикізатты өңдеумен және аффинаждаумен айналысатын «Тау-Кен Алтын» зауыты – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқаруындағы табысты кәсіпорындардың бірі. Зауыт іске қосылғалы бері 10 жыл ішінде Ұлттық банк үшін 200 тоннадан астам таза алтын өндіріп, 80,5 тонна қымбат металға толлинг қызметін көрсеткен.

Президентке таныстырылған тағы бір өндіріс орны – «Stadler Kazakhstаn» ЖШС. Кәсіпорынның негізі биыл швейцариялық Stadler Rail AG холдингімен инвестициялық келісім нәтижесінде қаланды. Теміржол көлігін шығаратын әлемдегі көшбасшы компания Қазақстанда жолаушы вагондарының өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Ең алдымен, зауыт өнімі отандық жылжымалы құрамды жаңартуға бағытталады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ үшін әртүрлі типтегі 500-ден аса вагон құрастырылмақ.

Индустриялық парктегі кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, олардың шығаратын өнімдері ішкі нарықта да, одан тысқары жерлерде де сұранысқа ие.

«ВМП Астана» зауыты шығаратын коррозияға төзімді әрі өрттен қорғайтын лак-бояу жабындылары өнеркәсіптің түрлі секторында кеңінен қолданылады. Өнімнің 90 пайыздан астамы Ресейге экспортталады, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстан нарықтарына да шығарылады.

Елорданың құрылыс индустриясындағы жоғары сұраныс «ЭНКО» компаниясының жылумен және сумен қамтамасыз етуге арналған құрылғыларға қызмет көрсететін өндіріс-сервис кешенін ашуына ықпал етті.

Түркиялық «MFA MASKE TİCARET SANAYİ A. Ş» компаниясымен бірлесе шығарылатын FFP1, FFP2 және FFP3 санатындағы респираторлар да эпидемиялық қауіп күшейген кезеңде сұранысқа ие бұйымға айналды. Қазіргі таңда №1 Индустриялық парктің резиденті – «MFA International» компаниясы технологиялық өндірістік желілердің санын беске дейін арттырды. 2027 жылға дейін 10 өндіріс желісін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл компанияға жылына 20 миллион респираторға дейін өндіруге мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «DUYQAZ» ЖШС шығаратын әскери киім, «Cuman Digital System Servis» ЖШС өндіретін телекоммуникация құрылғыларының үлгілерімен, сондай-ақ басқа да компаниялардың өнімдерімен танысты.

Президент пластмасса бұйымдарын шығаратын «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» ЖШС зауытына барды.

2018 жылы негізі қаланған компания резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіреді. Кәсіпорын жыл сайын 72 миллион бақылау-индикатор пломбалары мен өздігінен жабысатын лейблдер, сондай-ақ мал шаруашылығында қолданылатын 24 миллион дана сырға шығарады.

«Универсал» ЖШС компаниялар тобына кіретін «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» полипропилен қаптарын шығаратын зауытты, сондай-ақ Қазақстанның өзге де өңірлерінде крахмал және крахмалдың қантқа айналып үлгермеген түрін өндіретін ірі өндіріс орнын басқарады.

Қазіргі уақытта Түркістан облысының Шардара қаласында жүгері дәнін терең өңдеу жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Зауыттың қуаты жылына 150 мың тоннаны құрайды.

Компаниялар тобы 80-нен астам өнім түрін шығарады. Мұнда 3400 адам жұмыс істейді. Салынған инвестиция көлемі – 60 миллиард теңге.