«Жанымызға батады». Атырауда мүгедектігі бар жандарға кедергі көп

Атырауда мүгедектігі бар жандар үшін кедергі көп, деп хабарлайды 24KZ. Қоғамдық және сауда орындарындағы пандус талапқа сай келмейді. Кейбір көпқабатты ғимараттарда лифт қарастырылмаған. Әбігерге түскен мүгедектігі бар жандар енді рейдке шықты.

Жасұлан Қабдолов 2016 жылы жол апатына түсіп, содан бері арбаға таңылған. Бірақ тағдырдың сынағына сынған емес. «Десе де көңілге кірбің салатын жайт көп», – дейді қала тұрғыны. Оның айтуынша, кейбір сауда орындарында мүгедектігі бар жандарға жағдай жасалмаған. Тіпті былтыр тоңазтқыш алайын деп тұрмыстық техника сататын дүкенге кіре алмай әбігерге түскен. Жасұлан мұндай қиындықтардың онсызда жабырқау жандарға оңай тимейтінін айтады.

Жасұлан Қабдолов, қала тұрғыны:

- Көріп тұрсыздар, пандус қандай екенін. Тіпті адамды «коляскаға» отырғызып қойып мінгізсе де, анаған міну мүмкін емес. Бұл, ойлаймын, біздерді қоғамнан шеттету, мүмкіндігі шектеулі адам келгенде ештеңе алмайды деп ойлай ма немесе қалай? Бізді сауда жасамайды деп ойлай ма? Біз де адам емеспіз бе?

Мүгедектігі бар жандармен бірге тұрмыстық техника сататын ірі сауда нүктесіне бас сұқтық. Мұнда олар үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Пандус талапқа сай емес. Ал екінші қабатқа көтерілетін лифт мүлде жоқ. Тексеруге келгендерді жүк тасымалдайтын лифт арқылы екінші қабатқа шығарды.

Есболат Балбаев, қала тұрғыны:

- Неге мүмкіндігі шектеулі адамдар үйінде отырып, ештеңе алмауы керек? Осы заңның осалдығы ғой. Неге айыппұл салмаймыз? Осындай қаншама нәрсе сатылып жатыр. Неге менің үйімде кондер болмауы керек? Неге өзім келіп таңдап алмауым керек? Жанымызға батады. Қаншама, 2 мыңдай мүмкіндігі шектеулі адам бармыз. Неге өзіміз келіп, бір нәрсе ала алмаймыз?! Сол біздің жанымызға бататын.

Бұл мәселе облыстық мәслихатта да жиі көтеріледі. «Бірақ нәтиже жоқ», – дейді облыстық мәслихат депутаты Гүлназ Қосмұрзиева. Оның айтуынша, кемшіліктерді жою үшін мүгедектігі бар адам талапқа сай емес нысандардың үстінен өзі арыз жазуы керек екен.

Гүлназ Қосмұрзиева, облыстық мәслихат депутаты:

- Мүгедектігі бар адам өзі арыз жазуы керек. Жалпы мен мұнымен келіспеймін. Неге десең? Үкіметтің өзі бізге жағдай жасауы керек. Ал қазіргі күнде біз өзіміз барып, өзіміз арыз жазып, өзіміз айқайласып, сөйтіп жүруіміз керек. Далаға шығасың, кіре алмайсың, бір жерге барсаң, кіре алмайсың. «Везде эти унижения». Мына пандустарды көріп отырсыңдар, қолжетімсіз пандустар.

Бұл мәселелерді шешу үшін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан мониторингтік топ құрылған. Олар да нысандарды аралап, талапқа сай келмейтіндеріне нұсқама береді. Белгіленген уақыт ішінде олқылықтың орны толмаса, айыппұл салынады. Былтыр 145 нысанға ескерту жасалған.

Рафхат Жолдиев, қалалық жұмыспен қамту және ӘБ бөлімінің басшысы:

- 2021-22 жылға дейінгі қабылданған нысандар бар. Олардың кейбіреуінде қолжетімділік көрсетілмеген. Жоқ. Соған байланысты қазір осы нысандарды аралап, мүгедектігі бар жандар баратын үлкен-үлкен дегендерін. Соларға тиісті қолжетімді ортаны қалыптастыру жөнінде нұсқамалар беріп отырмыз.

Биыл 245 нысан тексеріледі. Ескертуді елемегендерге шара қолданылады. Мүгедектігі бар жандар енді апта сайын рейдке шығуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.