Президент халыққа үндеу жолдады
Су тасқыны салдарынан елдегі күрделі жағдайға байланысты Президент ел азаматтарына арнайы үндеу жолдады.
Мемлекет басшысы алапат тасқынмен күресу үшін барлық шаралар қабылдап жатқанын айтты. Төтенше жағдай жарияланған он аймаққа жұмысты үйлестіру үшін Үкімет басшысының орынбасарлары жіберіледі. Сондай-ақ, су басқан өңірлерге қосымша әскери күштер жұмылдырылады.
Елдегі жағдай күрделі. Халыққа үндеу жасаған Президент соңғы 80 жылда болмаған апатпен арпалысып жатқанымызды айтты. Қазір он аймақта төтенше жағдай жарияланған. Бастысы – азаматтарымыздың амандығы. Үкімет тарапынан шығынды өтеу жұмыстары қарастырылуда. «Қазақстан халқына қорынан» 5 млрд теңге бөлінеді. Бұдан бөлек, елге көмектесу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет.
Үндеуде Президент жіберілген олқылықтарға қайта тоқталды. Жағдайдың бақылаудан шығып, ауыр зардаптарға әкеп соқтыруына құзырлы органдардың қамсыздығы мен салғырттығы себеп. Алапат тасқынынан қорытынды шығарып, тиісті сабақ алуымыз қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қорғаныс министрлігіне су басқан өңірлерге қосымша әскери күштер жіберуді тапсырды. Премьер-Министр, Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Президент тапсырмасымен Үкімет басшысының орынбасарлары да апатты аймақтарға жіберіліп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жағдайы неғұрлым күрделі аймақтардағы жұмысты үйлестіру үшін Үкімет басшысының орынбасарларына аймақтарға шығуды тапсырамын. Олар ахуал түзелгенше сол жерде болады. Ақпараттық штаб азаматтарды мемлекет қабылдап жатқан барлық шаралар жөнінде үздіксіз және жан-жақты хабардар етіп отыруға тиіс.
Үндеуде Президент блогерлер мен журналистер қауымын жаңсақ ақпарат таратпай, ресми мәліметтерге жүгінуге шақырды. Елде осы мақсатта арнайы Ақпараттық штаб құрылған. Ол мемлекет қабылдап жатқан барлық шаралар жөнінде үздіксіз және жан-жақты хабардар етіп отыруға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге айтарым, жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажет. Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын.
Қиын сәтте Қазақ елі бірлігі мен ынтымағын таныта білді. Талай сыннан өткен еліміз бұл қиындықты да қаймықпай еңсереді. Су тасқынынан зардап шеккен ағайынға көмек елдің түкпір-түкіпірнен келуде. Президент өз еліне бей-жай қарамайтын азаматтарға алғысын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді.
Үкімет тарапынан тасқынға тосқын болар барлық шаралар қабылданған. Елдегі ахуал, құтқару жұмыстары тікелей Президенттің өз бақылауында. Тасқын судан зардап шеккен азаматтардың бірде-бірі ескерусіз қалмайды. Материалдық шығындар толық өтеледі.
Авторы: Қуандық Танабас