Мемлекет басшысы Алматы әкімін қабылдады
Биыл Алматы экономикасына 360 миллиард теңге жеке инвестиция тартылды, деп хабарлайды 24kz.
Осылайша, саладағы өсім шамамен 6%-ке жетті. Сондай-ақ сәуір айында мегополистегі жылдық инфляция 9,1%-ке дейін бәсеңдеді. Бұл туралы Мемлекет басшысының қабылдауында болған Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев айтты. Кездесуде шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалды. Жыл басынан бері мұнда 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ке дейін төмендеген. Су жеткізу ісінде де серпіліс бар. Ақпан айында қаланың жоғарғы бөлігін сумен қамту жөніндегі резерв схемасы жасалды. Құрылыс осы жылдың шілдесіне дейін аяқталады. Сондай-ақ «Балқаш» таза су резервуары пайдалануға беріліп, «Юбилейный», «Каменское плато» сынды аудандарға су жеткізіле бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту және бағаны бағындыру ісін ширатуды тапсырды.