Тоқаев: Туымыз әрдайым биікте желбіресін

Бүгін елдігімізді айшықтап, мемлекеттігіміздің мәртебелі нышанына айналған рәміздер күні.

Мерейлі мезет Қазақстанның түкпір-түкпірінде салтанатты түрде аталып өтуде. Астана қаласында да көк туымыз көкке көтеріліп, әнұранымыз асқақтады. Жиынға Президент арнайы қатысып, қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

Қ. Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

4 маусым. Қазақ үшін мерейлі әрі мәртебелі күн. Бүгін байтақ дала егемендігімізді айғақтап, біртұтастағымызды бейнелейтін рәміздер күнін тойлап жатыр. Тәуелсіздігіміздің таңбасына айналған мереке бас қалада да сән-салтанатымен аталып өтті. «Атамекен» этно-мемориал кешенінде Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтіп, жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Әдеттегідей жиында ұлттық болмысымыз ұлықталып қана қоймай, жас сарбаздарға алғашқы шен тапсыру рәсімі де өтті. Мінберге шыққан Президент, алдымен, жұртшылықты айтулы күнмен құттықтап, бұл елдігімізді нығайта түсетін мерейлі мереке екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Осы мерекеге орай біз жаңа ғана еліміздің бас байрағын көтердік. Көк туымыз әрдайым биікте желбірей берсін! Туымызды тік ұстау – әр азаматтың перзенттік парызы. Аспан түстес көк байрағымыз – біздің мақтанышымыз.

Байрағымыз аспандаған сайын ұлт мерейі асқақ болатыны түсінікті. Қасым-Жомарт Тоқаев туды тәуелсіздігіміздің тұмары деді. Сондай-ақ Эверест шыңына шығып, тіпті ғарышқа жететін байрақты Париж Олимпиадасында спортшылар да тік ұстайтынына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір тудың түбінен табылған. Бірлігін бекем ұстаған, елі мен жерін қорғаған. Байтақ даланы көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына мирас еткен. Сол аманатқа адал болу – ұрпақтың ұлы мұраты.

Иә, біздің ел бейбітшілік жағында. Тиісінше, рәміздеріміз де татулықтың туына айналған. Достық белгісі болған ұлттық нышандарымызды қастерлеу бізге міндет. Президент жиында бір тудың астына жиналып атқарып жатқан істерді де жіпке тізді. Алда ауыр жол жатыр, бұл белес бірлікпен ғана еңсерілетіні айтпаса да түсінікті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір бәріміз бір кісідей жұмылып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Баршаға бірдей мүмкіндік беретін қоғам орната бастадық. Аз уақыт ішінде ауқымды саяси реформа жасадық. Жаңа экономикалық бағытымызды айқындадық. Сондай-ақ жас ұрпақтың сана-сезімін жаңғыртып, сапалы ұлт болуға бет бұрдық. Мұның бәрін жүзеге асырып, түбегейлі орнықтыру – оңай шаруа емес. Ол үшін, ең алдымен, ырысты ынтымақ керек.

Ал осы күні әскери шен тапсыру игі дәстүрге айналған. Мемлекет басшысы жас әскерилерге, атағын бермес бұрын оның абыройлы жүгін айтты. Яғни шенді алып қана қоймай, оған лайықты болу керек екенін ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өздеріңіз сияқты отаншыл әрі намысты ұландары бар Қазақстанның келешегі жарқын екені анық. Баршаңыз антқа адал болып, ел шебін қырағы қорғайсыздар деп сенемін. Әскери шен алу – әр сарбаздың өміріндегі маңызды белес. Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов «Атақты алғаннан гөрі, оны арқалап жүрген қиын» деген. Әйгілі қолбасшының бұл сөзі сіздерге зор жауапкершілік жүктейді. Қазақ сарбазы деген атқа әрқашан лайық болыңыздар.

Салтанатты рәсімде жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды. 

Алғашқы шенін мемлекет басшысынан алған лейтенанттың бірі - Александра Сорокина. Криминалистика бағытын таңдаған ару енді қылмыс істерін ашып, ел ішіндегі қауіпсіздікті сақтауға атсалысамын дейді. Ал осынша ауыр міндеттің алдындағы мезірет үлкен сый болғанын жасырмады.

Александра Сорокина, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлегі:

- Ең алдымен қуаныш. Содан кейін үлкен мәртебе мен үшін ол. Президент алдында сөз сөйлеп, Президенттің қолынан алғашқы арнайы шен алу. Бала кезімнен маған мамам көрсеткен заңға адал болу керек екенін, отанға патриот болу керек екенін. Бала кезімнен армандадым сотрудник болуды.

Ата-аналар да мәре-сәре. Олар баласының мерейлі мезетіне куә болу үшін елдің түкпір-түкпірінен жиналған. Алғашқы шенді Қасым-Жомарт Тоқаев беретінін естігенде қуаныштарында шек болмағанын айтады.

БЛИЦ

- Білмеймін, сенерімізді-сенбесімізді. Бүгінгі таңда қатты қуанып тұрмыз. Осындай ерекше күні, Президенттің қолынан алғаны мен үшін өте қуанышты жайт. Толқып тұрмын да.

- Бауырым Жігербаев Ернар өзінің бала кезінен армандаған арманына қол жеткізіп, біздің еңбегімізді ақтап, қуанышқа бөлеп жатыр. Өте қобалжыдым. Бірақ хабар келгенде қуанышым көкке жетті. Інім әкесіз өтті. Осы күнді атасы да армандап кеткен болатын. Атасының қолында өсті. Президенттің қолынан офицерлік шен алу біздің әулет үшін үлкен мәртебе.

- Сезім деген соншалықты артып тұр. Қобалжып жатырмыз. Жетістігі деген мықты ғой. Ұлдарымызға шыдамдылық берсін.

Президент алдында сап түзеген он екі түлек те бұл саланы бала кезінен армандаған. Ал бұл мезірет олардың арманына серпін берері сөзсіз. Тіпті кейбірі енді генерал шеніне дейін қызмет етуге дайын.

Иманжүсіп Асылбеков, ҚР ҚМ С.Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының түлегі:

- Бұл жаңалықты естігенде қуанышты сезімде болдым. Ата-анама жеткізуге асық болдым. Еңбек жолында қарулы күштерге қызмет көрсету. Менің негізгі мамандығым - инженер. Сол мамандықтағы генералдардың санын көбейту.

Бекзат Аманов, тілші:

- Осылайша жас әскерилер алғашқы шенін Президент қолынан алды. Және мұндай айтулы сәт Қазақстандағы ең алып тудың түбінде өтті. Мұның да символдық мәні бар. Бүгін ғана лейтенант атанып, Отанына адал қызмет етуге ант екен сарбаздар осы желбіреп тұрған көк туды тұғырынан түсірмеуге қызмет ететін болады.

Бекзат Аманов