Президент елордадағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралады

Тамызда елордада Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусы ашылады.

Мұнда жыл сайын 6 мың науқас ем-дом қабылдай алады. Бұл туралы бүгін Президенттің елордадағы бірқатар әлеуметтік маңызды нысандарды аралау кезінде белгілі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Sana Sport кешені мен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының да жұмысымен танысты.

Бұл Есілдің оң жағалауында биыл ғана ашылған Sana Sport кешені. 10 мың шаршы метр аумақты алып жатқан ғимаратта 4 мыңнан астам баланың қосымша білім алуына жағдай жасалған. Мұнда спорт, шығармашылық, білім бағыттары бойынша 29 үйірме жұмыс істейді. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орталықтың жұмысымен танысу үшін ат басын арнайы бұрды.

Абзал Сағымбаев, "Damu Development Group" консорциумының құрылтайшысы:

- Разрешите доложить вам о нашем новом объекте Sana Sport. 29 секции. 80 процентов спортивный.

Кешенде Президентке "Damu Development Group" консорциумы жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобалар жөнінде мәлімет берілді. Тағы SANA Sport кешені аумағындағы саябақты қайта жаңғырту жоспары да таныстырылды. Айта кету керек, бұл компания былтыр елорданың сол жағында «SANA» оқушылар сарайын да тұрғызған болатын. Енді міне Астананың оң жағалауында тұратын жеткіншектер үшін де заманауи орталық ашылды. Кешен елордалық Aru-Astana волейбол командасы, Astana Tigers баскетбол клубы мен үстел теннисінен жастар құрамасының негізгі аренасы. Орталықты аралаған Президент теннисшілермен де кездесіп, естелікке өзінің қолтаңбасын қалдырды.

Бұдан бөлек жастар кешенде робототехника, сурет салу, музыка және би бағыттары бойынша шығармашылық үйірмелерге де бара алады. Президент бүгін жас шахматшылармен де кездесіп, өзінің ізгі тілегін білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Молодцы. Поздравляю тебя. А ты чемпионка мира, да?

Сондай-ақ бүгін Президент Ұлттық ғылыми онкология орталығындағы жаңа корпустың құрылысымен де танысты. Нысан тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ғимараттың жалпы ауданы 58 мың шаршы метрден асады. Мұндағы стационар 210 төсек-орынға есептелген. Жыл сайын 6 мың науқасқа қызмет көрсете алады. Жаңа корпус ашылғаннан кейін бұл орталық онкологиялық көмек көрсету бойынша интеграцияланған модель құру ісінде ұлттық үйлестірушіге айналады. Аталған бастамада денсаулық сақтау жүйесіндегі осы бағытағы ауруларды емдеуге мамандандырылған барлық мекеме қамтылады. Бұдан бөлек стационарда бас және мойын онкологиясы, онкоурология, маммология, онкогинекология орталықтарын ашу қарастырылған. Ұжым қызметкерлерімен кездескен Президент әлемде мұндай емдеу мекемелері аз екендігін жеткізіп, бұл біздің аймақтағы медициналық тәжірибе мен ғылымды ұштастыратын озық мекеме болатынын айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаңа емхана құтты болсын. Керемет екен. Мен қазір бәрін көрдім. Озық жабдықтармен қамтылған. Осындай мекеме дүние жүзінде өте аз. Сондықтан бәрі құтты болсын. Жұмыстарыңыз осы жерде табысты болсын.

Денсаулық сақтау саласының тағы бір маңызды мекемесі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы. Мемлекет басшысы осы мекеменің де жұмысымен танысты. Бұл орталық медициналық авиация және жедел жәрдем қызметтерінің, науқастарды қабылдау бөлмелерінің жұмысын үйлестіреді. Кешенде 250 орындық стационар бар. Орталықта Президентке мобильді компьютерлік томограф және OR-1 жүйесімен жабдықталған операция залдары көрсетілді. Ұжымымен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев мамандардың табыс тілеп, орталыққа реанимобиль сыйлады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы аймақта мұндай мекемелер жоқ. Шын мәнінде бірегей деп айтуға болады. Сондықтан баршаңызды құттықтаймын. Үлкен жетістік. Жұмыстарыңыз табысты бола берсін. Мұндай мекеме Қазақстан үшін, жалпы халқымыз үшін өте қажет. Сондықтан біздің медицинамыздың үлкен жетістігі деп айтуға болады.

Жалпы бұл мекемеде 29 бағыт бойынша емдеу ісін жүргізетін 9 клиникалық департамент құру жоспарланған. Мұнда жылына 18 мыңнан астам науқас емделе алады.

Риат Шони