Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімін қабылдады

Марат Сұлтанғазиев Президентке өңір экономикасының өсімін қамтамасыз ету,

халықтың тұрмыс сапасы мен табысын арттыру, сондай-ақ облыс орталығы – Қонаев қаласын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде есеп берді. Өңір жетекшісінің айтуынша, өңірдегі әлеуметтік мәселелер, соның ішінде үш ауысымды мектептердің проблемасы жоспарлы түрде шешіліп жатыр. Былтыр 14 мың орындық 13 мектептің құрылысы аяқталды. 2024-2025 жылдары "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында тағы да 53 мектеп салу жоспарланып отыр. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың стратегиялық даму жоспарын орындауға бағытталған жұмыстарды жалғастыруды, сондай-ақ Alatau City жобасын жүзеге асыру үшін әлеуетті инвесторлармен қарым-қатынасты жандандыруды тапсырды.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

- Мемлекет басшысының қабылдауында болдым. Алматы облысының негізгі жетістіктерін баяндадым. Өңірлік өнім көлемі 5 триллион теңгеге жеткен облыс еліміз бойынша бесінші орында тұр. Облыс аумағында 7 индустриялық аймақ құрылып жатыр. Өңірдің 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфеліне жалпы құны 3,7 триллион теңге болатын 207 жоба енген. Биыл сомасы 446,7 миллиард теңге болатын 58 жоба жүзеге асырылып, 5,3 мың жаңа жұмыс орыны ашылмақ.