Ақордада су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтар марапатталды

Мемлекет басшысы су тасқынымен күрес шараларына белсене атсалысқан азаматтарды марапаттады.

Президент сын сағатта еліміз ырысты ынтымағын танытқанын, табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылғанымызға ризашылығын білдірді. Әсіресе тәулік бойы жұмыс істеген құтқарушылар, әскерилер, ішкі істер органдары мен әкімдік қызметкерлері Отан алдындағы парызын мінсіз атқарғаны атап өтілді. Осы салтанатты рәсім барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Кентау қаласында тұратын Гауһар Шаймерден есімді оқушы қыздың ата-анасына отаншыл ұрпақ өсіріп жатқаны үшін алғыс айтты. Естеріңізде болса, қыз бала жинап жүрген қаржысын Құлсары тұрғындарына көмекке аударған еді. Сонымен қатар Атырау облысының тұрғындары – тоқсаннан асқан Орынша Тоқтыбаққызы мен Әлия Досмұханованың еңбегі еленді. Бұдан бөлек Президент бауырлас мемлекеттерге, халықаралық компаниялар мен ұйымдарға ризашылығын жеткізді.