Мемлекет басшысы Катар Елшісін қабылдады
Президент Қатар Мемлекетінің елшісі Абдалла бен Хусейн Джаберді қабылдады.
Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарды Қазақстанның ортақ мақсаттар мен мұраттар біріктіретін ең жақын серіктестерінің бірі ретінде атады. Соңғы жылдары қос мемлекет екі жақты және көп жақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша елеулі табысқа қол жеткізгеніне назар аударды. Бұған қоса берік құқықтық база қалыптастырды және бірқатар ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтетін ШЫҰ саммитін қолдап, құрметті қонақ ретінде қатысуға ниет танытқаны үшін Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде Қатар елшісі құрмет көрсеткені үшін алғыс айтып, Доханың екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі қарқынды дамытуға бейілді екенін растады.