Тоқаев: Бұл – жауапсыз адамдардың ісі
Мемлекет басшысы БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсіміндегі сөзінде "Таза Қазақстан" акциясы туралы айтты.
Елімізде «Таза Қазақстан» акциясын қолдаған шын мәніндегі халықтық қозғалыс өріс алды. Бұл кездейсоқ емес. Өкінішке қарай, табиғат аясындағы демалыс орындарында және елді мекендердің айналасында үйіліп жатқан қоқысты күн сайын көреміз. Бұл – жауапсыз адамдардың ісі. Қоғамдық орындарда қарапайым тазалық ережелері сақталмайды. Бұдан адамның тәрбиесіздігі ғана көрінбейді, сондай-ақ ол бүкіл еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан да мен әрдайым осы мәселеге назар аударамын, – деді Мемлекет басшысы.
«Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясына жүздеген мың адам қатысып, ондаған мың тонна қоқыс жиналды.
Мен оларға ризашылығымды білдіремін. Бұл акция тұрақты түрде жалғасады. Аулаларымыз бен көшелеріміздегі, саябақтар мен қорықтардағы, өзен-көлдердегі тазалық пен тәртіптің сақталуы барша азаматқа тікелей байланысты. Біз қоғам ретінде айналамыздағы тазалықтың қадірін біліп, басқа адамдардың еңбегін құрметтеуді үйренуіміз керек, – деді Президент.
Отандық медиа қоғамда жоғары экологиялық сана мен табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға зор көмегін тигізе алады.
Осы орайда азаматтарымыздың ел ішіндегі, сондай-ақ шетелдегі қоғамдық орындарда вандализммен көзге түсіп, тұрпайы мінез-құлық көрсетуі – назар аударатын мәселе. Тарихи-мәдени мұраларға зиян келтіру, ескерткіштерді қорлау сияқты келеңсіз әрекеттер тек заңмен ғана жазаланып қоймай, қоғам тарапынан да айыпталуға тиіс. Бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі аса маңызды, – деді Тоқаев.