Тоқаев өзін Қытаймен не байланыстыратынын айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Синьхуа агенттігіне сұхбат беріп, алдымен екі елдің байланысына тоқталып, бастамаларды да жіпке тізді.

Шығыстағы көршіміз Қазақстанның жетекші сауда және инвестициялық серіктесі статусын сақтап келеді. 30 жыл ішінде тауар айналымы 100 есе өсіп, былтыр 41 млрд долларға жетті. "Бұл - тарихи рекорд", - деді Президент.

Оның үстіне өткен жылы Қытай ірі шетелдік инвесторлардың алғашқы төрттігіне еніп, шамамен 2 млрд доллар қаржы құйған. 5 мыңға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Сыртқы саясаттағы ынтымақтастық та бекіп келеді. Біздің тарап "Бір белдеу, бір жол" жобасын толығымен қолдап, белсенді қатысуға дайын.

Айта кетейік, Президенттің шақыруымен шілденің 2-4 күндері Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-отырысына қатысады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мені Қытаймен студенттік өмірдегі жарқын сәттер және дипломатиялық мансаптың басталуы байланыстырады. Жалпы, мен Қытайда 8 жыл тұрдым. Осы уақыт ішінде мен мәдениетін, тарихын, тілі мен әдет-ғұрпын терең зерттедім. Қазір де тілді білу деңгейін сақтап қалу үшін әрі саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының соңғы тенденцияларынан хабардар болу үшін қытай тіліндегі кітаптарды ұдайы оқып тұрамын.