Президент лотерея қызметіне қатысты заңға қол қойды

www.akorda.kz

Банктерге берешегі бар борышкерлер енді бәс тіге алмайды.

Мемлекет басшысы ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау жөніндегі заңға қол қойды. Құжатта халықтың құмар ойынға тәуелділігін төмендетудің тетіктері қаралған. Сондай-ақ құжатта «мемлекеттік және әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыстырылмайды» делінген. Шетелдік лицензиясы жоқ букмекерлік контораларының, тотализаторларының интернет ресурстарына және онлайн-казиноларға толық тыйым салынады. 

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Бұл – Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру аясында қабылданған бесінші заң. Мемлекет басшысы Атырауда сөйлеген сөзінде лудоманияны әлеуметтік кеселдің бірі деп атап өтті және тиісті нормативтік құжатты Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін қабылдауды тапсырды. Заң жобасы түрлі пікірталас алаңында талқыланып, оған депутаттар, Ұлттық құрылтайдың және Жастар жөніндегі кеңестің мүшелері қатысты. Мамыр айында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар бекітіліп, оның ережелері жаңа заңның нормаларымен үйлесім тапты. Парламент депутаттарының ұсынысымен қабылданған бұл құжатта құмар ойындарын ойнауға рұқсат берілген адамдардың санын азайтуды көздейтін жүйелі іс-шаралардың біртұтас кешені қарастырылған.

Сондай-ақ букмекер конторалары мен тотализаторлардың барлық жердегі сыртқы жарнамасына тыйым салынады. Бұдан былай байланыс операторлары да ұялы телефонға жарнамасы бар мәтіндік хабарламаны жібере алмайды. Бұған қоса лоторея терминалдарын қоюға да бірнеше шектеу енгізілді. Енді тұрғын үйлер, жатақханалар, ғибадат үйлері секілді бірқатар әлеуметтік нысанда лотерея билеттерін таратуға және ойын терминалдарын орнатуға тыйым салынады.