Олимпиадада Қазақстан туын Асланбек Шымбергенов ұстап шығады
Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан туын Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергенов ұстап шығады.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылармен кездесіп, мемлекеттік рәмізді тапсырды. Басқосуда Президент дүбірлі доданы бүкіл әлем асыға күтетінін айтып, ел намысын абыроймен қорғауда сәттілік тіледі. Тағы Мемлекет басшысы саңлақтарымыздың еңбегі әрқашан жоғары бағаланатынын жеткізді.
Сайдың тасындай іріктелген спортшылар. Бұл ел намысын 4 жылдықтың басты додасы – Париж Олимпиадасында қорғайтын толағайларымыз. Дәстүрге сай сапар алдында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде Президент Парижде басталатын дүбірлі доданы бүкіл әлем асыға күтетінін әрі оған төрткүл дүние түгел көз тігіп отырғанын айтты. Сонымен қатар үздіктердің үздігі бақ сынайтын байрақты бәсекеге ең мықты спортшыларымыз бара жатқанын атап өтіп, ел намысын қорғау абыройлы міндет екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз сіздерге зор үміт артамыз. Бүкіл халқымыз сіздерге жанкүйер. Жалпы қазақ спорт мектебінің мәртебесі қашан да биік. Спортшыларымыз әрдайым елге жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін. Шын мәнінде сіздердің жеңістеріңіз тұтас Қазақстанның жеңісі болмақ. Көк туымыз желбіресе, ұлтымыздың рухы асқақтайды.
Тағы Президент спортшыларымызға барлық қажетті жағдай жасалып жатқанына да тоқталды. Қазір жер-жерде халықтың жаппай спортпен шұғылдануы үшін тиісті инфрақұрылымдар салынып жатыр. Ұлттық Олимпиада комитетінде де өзгерістер бар. Бұл ұйымға қазір әйгілі боксшы Геннадий Головкин төрағалық етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елді мекендерде арнайы алаңдар салынып жатыр. Өткен жылдың өзінде 70-ке жуық спорт орталығы ашылды. Биыл тағы 200-ге жуық нысан салынады. Баршаңызға мәлім, Ұлттық Олимпиада комитетінде өзгерістер болды. Олимпиада ойындарына дайындық штабы құрылды. Тәжірибелі мамандарды шақырдық. Белгілі спортшы Геннадий Головкин келді. Әр салада осындай өз ісінің нағыз шебері болуы тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Біз спортшыларға айрықша құрмет көрсететін елміз, деді Мемлекет басшысы.
Елде спорт тарихында өшпес із қалдырған саңлақтарымыздың еңбегі әрқашан жоғары бағаланады. Оған Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасов, Жақсылық Үшкемпіров, Александр Винокуров, Бекзат Саттарханов, Ольга Рыпакова атындағы спорт нысандары дәлел. Енді ел намысын асқақтату Парижге аттанғалы тұрған саңлақтарда. Бұл спортшылардың да биік белестерді бағындыратынына Президент кәміл сенетіндігін айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бейбітшілік және ынтымақтастық саясатына еліміздің қашанда бейілді екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өткен аптада Астанада ШЫҰ саммиті табысты ұйымдастырылды. Бұл маңызы зор шараның басты мақсаты мемлекеттер мен халықтар арасындағы диалогты, достық пен сенімді нығайту болды. Мұндай басымдықтар күллі спорт әлеміне де тән. Өйткені кез келген спорт сайысы, ең алдымен, ынтымақтастықты, алға ұмтылысты және адамдардың бірлігін көрсетеді. Олимпиада ойындарының құндылықтары қарапайым спорт жетістіктерінен асып түседі. Ол жекелеген спортшылардың да, тұтас мемлекеттердің де теңдігінің, өзара құрметі мен адал бәсекелестігінің жарқын бейнесі.
Ел намысын абыроймен қорғау - спортшыларға жүктелген жауапты миссия. Қазір Ұлттық құрама қоржынында Олимпиаданың 92 жолдамасы бар. Ең соңғы болып жеңіл атлетика өкілдері лицензияға қол жеткізді. Ендігі міндет ел мерейін асқақтатып, жеңіске жету.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әрине чемпион болу оңай емес. Қазақта «Намысқа шапсаң – алысқа шабасың» деген сөз бар. Сондықтан жеңімпаз боласыздар деп сенемін.
Спортшыларға ақ жол тілеген Президент Мемлекеттік туды Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл ең алдымен еліміздің спортшыларға артқан зор үміті, халықтың ақ батасы. Көк туымыз тек биікте желбіресін. Баршаңызға сәттілік тілеймін!
Президенттен көк байрағымызды алған ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов Париж төрінде туымызды желбіретуге бар күш-жігерлерін салатындығын жеткізді.
Асланбек Шымбергенов, бокстан әлем чемпионы:
- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, алдағы Париж олимпиадасына ақ жол тілеп, бүгін бізді қабылдап отырғаныңызға алғыс білдіреміз. Біз, спортшылар мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде тыңғылықты дайындық жасап, Олимпиада ойындарының жолдамасына қол жеткіздік. Ел намысын абыроймен қорғау бізге сеніп, тапсырылған аса жауапты парыз екенін сезінеміз. Өзімнің атынан және ұлттық құраманың капитаны ретінде барлық спортшылардың атынан көк туымызды Париж төрінде желбіретуге бар күш-жігерімізді саламыз.
Айта кету керек, қазір ұлттық құраманың негізгі бөлігі Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығында соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Ал 4 жылдықтың басты бәсекесі Парижде шілденің 26-сы мен тамыздың 11-і аралығыда өтетін болады.
Риат Шони