Президент «Самұрық-Қазына» басшысын қабылдады
«Самұрық-Қазына» қорының кірісі 7,9 триллион теңгеге жетті.
Бұл – белгіленген жоспардан 7%-ке артық. Қордың басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов Мемлекет басшысына биылғы бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстарды баяндады. Ол басты өндірістік көрсеткіштер жоспарға сәйкес атқарылып отырғанын жеткізді. «Самұрық-Қазына» қоры мұнай-газ химиясы, энергетика, көлік және логистика, машина жасау, цифрландыру салаларындағы жобаларға шетелдік серіктестерімен бірлесіп инвестиция тартуды жалғастыруда.
Бүгінде компаниялар тобының инвестициялық портфелінде жалпы сомасы 53,5 триллион теңге болатын 130-дан астам жоба бар.
Қордың әлеуметтік жауапкершілігі аясында елімізде жыл соңына дейін 40 оңалту орталығы ашылмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ қор жұмысын одан әрі жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.