Родина – барлық көрсеткіш бойынша үздік шаруашылық

Мемлекет басшысының Ақмола облысына жұмыс сапары Целиноград ауданындағы Родина ауылында жалғасты.

Жергілікті кәсіпорын ауыл тұрғындарын түгел жұмыспен қамтып, әлеуметтік жауапкершілік аясында ауқымды жұмыстарды атқарған. Мәселен, былтыр компания ауыл игілігіне 791 миллион теңге қаржы жұмсаған. Президентке, сондай-ақ, заманауи сүт зауытының жұмысы таныстырылып, алдағы жоспарлар баяндалды.

Ауыл - қазақтың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың қайнар бастауы. Заманмен бірге өзгеріп, өсу мен өркендеудің даңғыл жолына түскен Родина ауылын бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Әлеуеті жылдан-жылға артып келе жатқан ауылдың тыныс-тіршілігіне Президенттің өзі куә болып, қалың елге үлгі боларлық ілкімді дүниелермен танысты. Президент әуелі ауылдың мәдениет үйінде болып, жергілікті өнерпаздармен, шығармашылық ұжымдармен жүздесіп, «Достық шуағы» композициясын тамашалады. Өнеркәсіп өркен жайған өңірдің рухани-мәдени өмірі ауыз толтырып айтарлық істерге толы.

- Біз Родина ауылының тұрғындарымыз. Өндірістік салада жұмыс жасаймыз. Бірақ, барлығымызды біріктіретін ол мәдениет және оған белсене қатысамыз. Біздің округта 18 Шығармашылық бірлестік бар. Олар театралды, вокалдық және аспаптық. Және де біздің оркестр міне, хореграфиылқ ансамбльге халықтық деген атау бар.

- Иә, жақсы. Құтты болсын. Баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Бәріміз бір ұлт болып, бір ел болып, бірге тұруымыз керек.

Мәдениет үйінде 32 клуб пен түрлі шығармашылық ұжымдар жұмыс істейді. Президент ауыл тұрғындарының ақ адал қызметіне ризашылығын білдіріп, толымды табыстар тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Ауылға арнайы келдім. Құрметті Иван Адамович Сауэрдің шаруашылығы жайында бұған дейін көп естіген болатынмын. Бірақ мұнда келіп, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысудың реті болмай жүр еді. Бұл өте үлкен әрі барлық көрсеткіш бойынша үздік шаруашылық. Баршаңызға бақ-береке тілеймін.

Бұл жерде өмір сүру сапасы шаһардағыдай. Қайсыбір қалаларымыздан бір бас жоғары тұратын ауылдық округта адамдардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Жергілікті супермаркетте сатылатын тауарлардың көбі ауылдың өзінде өндіріледі. Ал нанның бағасы 50 теңге. Барлығына үлгі мен өнеге боларлық жұмыстарға Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары баға берді. Президент бұдан кейін ауылдағы «Достық» саябағында болды. Жасыл-желекке көмкерілген саябақ ынтымағы жарасқан, ырыс ұйыған мекеннің көркіне көрік қосып, ауылдықтардың тынығатын сүйікті орнына айналған. Елдімекенде білім беру мен денсаулық сақтау, мәдениет пен спорттан бөлек, әлеуметтік-тұрмыстық түйткілдер түгел дерлік шешімін тапқан. Агрофирма ауылдағы мектепке әрдайым демеушілік жасап, оны күрделі жөндеуден өткізуге, заманауи құрал-жабдықпен қамтуға ұдайы қаржы бөліп келеді. Бүгінде мұнда 268 бала білім алады. Кәсіпорын оқушыларды 100 пайыз тегін тамақтанумен қамтамасыз етіп отыр. Президент әлеуметтік жауапкершілікке үлкен мән беріп отырған кәсіпорынға жоғары бағасын берді. 

Бүгінде «Родина» өнімдері көпке танымал брендке айналған. Озық еуропалық технологиямен жұмыс істейтін кәсіпорын тәулігіне 50 тонна сүт өндіреді.  Президентке ең соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған заманауи үлгідегі кешендер таныстырылды. Фермадағы барлық жұмыстар автоматтандырылған. «Елочка» қондырғысының көмегімен бір мезгілде 32 сиырды қатар саууға мүмкіндік бар.

Рустам Каркенов, «Родина» агрофирмасы ЖШС бас директорының орынбасары:

- 2600 сиыр сауамыз. 95-97 тонна күнде сүт өнімдерін шығарамыз. 161 адам жұмыс істейді. Астана, Қостанай, Көкшетау, Степногорскке жібереміз. Жоспарда Қарағанды облысына сүт өнімдерін жібереміз.

Мемлекет басшысына индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған нысандағы өндірістік процесс таныстырылды. Президент зауыт жұмысшыларымен әңгімелесіп, «Родина» агрофирмасының үлгілі шаруашылық екенін айтып, жүйелі жұмысты одан әрі жалғастыра беруге шақырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кәсіпорын өз табысын еселей түсуге бейілді. Бұл бағытта мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында агрофирма құны 2,9 млрд теңге болатын жобаны жүзеге асырмақ. 

Қуандық Танабас, тілші:

- Родина ауылы елге еселі еңбегімен танылды. Мына Еңселі де заманауи кешендерде ең сапалы, ең дәмді сүт өнімдері шығарылады. Алдағы уақытта мұнда 2000 бас сиыр сауылатын ел аумағында баламасы жоқ жаңа сүт фермасы салынады.

Өнімдердің сапасы осындағы зертханаларда мұқият тексеріледі. Өнімді дайындауда құрғақ сүт, басқа да қоспалар қолданылмайды, тек табиғи сиыр сүтінен жасалады. Сондықтан, Родина бренді бейнеленген өнімдерге сұраныс артып келеді. 

Дмитрий Чайка, сүт зауытының директоры:

- Қазір зауытты қайта құрылымдау жұмыстары басталды. Ондағы мақсат – зауыттың қуаттылығын арттыру. Қазір кәсіпорын тәуілігіне 100 тоннаға дейін сүт өндіре алады. Енді оның өндірістік қуатын 150 тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Нарыққа сондай-ақ жаңа өнім түрлерін шығардық. Биылдан бастап 5 түрлі йогурт дүкен сөрелеріне түсіп, жақсы сұранысқа ие бола бастады. 

Родина ауылындағы әрбір үйдің ауласына дейін асфальт төселіп, көшесі толық жарықтандырылған. Балабақшасы тегін, заманауи талапқа сай кітапханасы мен мәдениет үйі де бар. Жылдар бойғы жоспарлы да жүйелі жұмыс халықтың игілігіне бағытталған.

Қуандық Танабас, тілші:

- Құлақ естігенді көз көреді. Ел аузында жүрген Родина ауылы мақтауға да мақтануға да лайық. Құлпырған елді мекен келген адамның көңілін бірден жаулайды. Тақтайдай түп-түзу  жолдар, жайқалған жасыл-желек, небір зәулім үйлер мен ғимараттар. Бұл - еңбек адамының нағыз бақыт мекені.

Родина тұрғындарының әлеуметтік мәселелері түгелдей дерлік шешілген. Ауыл іргесінен су жаңа коттедж қалашығы салынып, елдімекенге келген жастар баспанамен толық қамтылды. Ғалия Жылқыбаева Қостанайда оқу бітіріп, жолдасымен бірге осы ауылға қоныс аударған. Қазір өзі технолог болса, жолдасы бас экономист қызметін атқаруда. 

Ғалия Жылқыбаева, сүт зауытының технологы:

- Бізге үлкен коттедж берілді. Және де әрбір отбасы мүшесіне дисконт карта беріледі. Біз осы сүт, нан өнімдерін 50 пайыз скидкамен аламыз. Балабақша, мектеп тегін, тамақтану тегін. Баламыз дүниеге келгенде, бізге ақшалай көмек берілді. Менің жалақым 400 мың болып табылады. Осы жақын арада тағы көтеріледі деп айтылған болатын. Жұмыстан кейін де баратын жерлер бар, мысалы өзім фитнеске барамын. 

Жалпы Ақмола облысында сүт өнімдерін шығаратын 15 кәсіпорын бар. Сонымен қатар өңірде 7 тауарлы сүт фермасы салынып жатыр. Осы бағыттағы жобаларды қаржыландыруға 13,3 миллиард теңге бөлінген.

Қуандық Танабас, Ерлан Наурызбаев, Бақытбек Нұртаев