Маймыл шешегіне қатысты қаулы өз күшіне енді

Әлемде маймыл шешегі дендеп барады.

Конго Демократиялық Республикасында тарала бастаған жұқпалы ауру Кения, Уганда, Руанда және Бурунди елдерінде анықталып жатыр. Осыған байланысты Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер дерттің таралуына қатысты қаулы қабылдап, құжат бүгін өз күшіне енді. Мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық орындарда эпидемиологиялық қауіпсіздікті сақтау шаралары күшейтілді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған дерекке сәйкес бұл вирус өршігелі бері дертті 15 мыңнан астам адам жұқтырған. Соңғы айда 100-ге жуық адам қайтыс болыпты. Маймыл шешегі таралуының алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдарға, министрліктер мен комитеттерге бірқатар міндет жүктелді. Мәселен, Көлік министрлігі көлік құралдарында медициналық бетперде мен қолғаптардың, антисептиктің болуын бақылайды.

Жанат Жамалбекова, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

- Егер дене температурасы көтеріліп, клиникалық белгілері болған жағдайда ПТР-тестпен ғана анықтай аламыз. Өйткені ол температура көтерілу немесе клиникалық белгілері басқа жағдайда да бірдей болуы мүмкін. Сондықтан оны анықтау үшін міндетті түрде зертханада ПТР-тестпен зерттеу керек.

Осыған байланысты Қазақстан әуежайлары мен вокзалдарында, Мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Қуанышымызға орай елде маймыл шешегінің бірде-бір дерегі әлі тіркеле қойған жоқ. Алайда арқаны кеңге салуға болмайды. Бұл туралы өткен аптада Үкімет отырысында Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев айтқан еді.

Ержан Нұрлыбаев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

- Қазақстан аумағында маймыл шешегі ауруының таралу ықтималдылығы өте төмен. Осыған қарамастан министрлік дерттің алдын алуға бағытталған барлық шараны қабылдап жатыр.

Жалпы маймыл шешегінің негізгі белгілері қандай? Ауруды жұқтырған адамның денесі қызарып, бөртіп кетеді. Басы мен бұлшық еттері ауырады. Қол-аяғы дірілдеп, әлсіздік пайда болады. Тағы қан тамырлары ісінеді. Тұрғындар бұл дерттің қаншалықты қауіпті екенін біле ме? Өздерінен сұрап көрдік.

Сауалнама:

- Өзіміз үшін қорықпаймыз. Жасарымызды жасадық. Боларымыз болды. Балаларға қиын. Үкімет енді қарап тұрмайтын шығар, бірдеңе жасайтын шығар.

- Тазалық қой алдымен. Бетперде кию керек шығар. Қолды жиі жуу керек.

Дәрі-дәрмектің қажетті қорын жасау үшін тиісті шаралар қабылданды. Қазір медицина қызметкерлері диагностикалау мен емдеу әдістерін оқып жатыр. Елге инфекция кіріп, ауру адамдар анықталған жағдайда ем-дом алгоритмі әзір тұр. Мәселен, шетелден келген жолаушылардың дене қызуы тепловизор арқылы қашықтан тексеріледі. Температурасы жоғары адамдар уақытша оқшауланады. Күдігі расталса, жұқпалы ауруларды емдеуге арналған медициналық мекемелерге жатқызылады. Карантин мерзімі бір аптадан 3 аптаға дейін жалғасады. Салон ішіндегі барлық орындық пен есік тұтқалары дезинфекцияланады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Серік Қоңырбаев.