30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні
Бүгін Конституция күні.
Заң үстемдігі, әділдік және жалпыға бірдей мүмкіндік қағидаттарын ұстанған Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған еді. Алғашқы құжат 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрды. Араға екі жыл салып, халық жаңа Ата заңды дауысқа салды. Бүгінге дейін қандай өзгерістер болды? Ол қоғам дамуына қалай әсер етті?
1995 жыл 30 тамыз. Ауыл-аймақты түгел қамтыған 10 мыңнан аса сайлау учаскесінде қыз-қыз тірлік қайнап жатты. Қалың қараша Ата Заңға дауыс берді. Бұл құжаттың 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы оның мазмұны пен сапасында еді. Алғаш рет азамыттың дүниеге шыр етіп келген сәтінен бастап құқығы тайға таңба басқандай жазылды. 9 бөлім һәм 98 баптан тұрды. Билік жүйесі айқындалды. Азаматтар Ата заңын ерекше пейілмен қарсы алды.
Берік Көпбаев, мемлекеттік қызмет саласының ардагері:
- Кешегі академик Зеймановтар бастаған үлкен Заң саласының ғалым, академиктері атсалысты. Халық та өз пікірін қосты. Су байлығы, жер байлығы барлығы халықтікі деген мәселе сол кезде талқыланған. Сол талқылауға қатысқан адамның біріміз. 95 жылы қабылданған Конституция ең озық конституцияның бірі болды. Халықтың конституцияға деген ризашылығы зор болды.
95-тен тамыр тартатын құжат күні бүгінге дейін қолданыста. Жыл сайын депутаттар оған түзету енгізіп, жетілдіріп отыр. Биылғы сессияда қос палата 179 заңды қарап, 102-сін қабылдады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Президент те Конституция мен оның маңызы жайлы жиі айтады. Себебі заң үстемдігі орнаса ғана, ел дамиды. Тәртіп пен тұрақтылық орнайды.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әрқайсымыз азаматтардың құқығы тең және еркін болуын қамтамасыз ететін Ата Заңымыздың әрбір сөзін бұлжытпай ұстануымыз қажет. Заң мен тәртіптің әрдайым және барлық жерде сақталуы, заң үстемдігінің сөзбен де, іспен де орнығуы маңызды.
Азаттықтың айғағына айналған құжатқа 2 жыл бұрын ауқымды өзгерістен енді. Жаңа бастамаларды қалың ел жылы қабылдады. Президент бір мерзімге 7 жылға ғана сайланатын болды. Оның үстіне өкілеттілігі азайып, Парламенттің құзыреті артты. Араға уақыт салып, мажоритарлы сайлау жүйесіне қайта оралдық.
Берік Көпбаев, мемлекеттік қызмет саласының ардагері:
- Бұл өте дұрыс мәселе болды деп ойлаймын. Біздің мемлекет ол кезде супер президенттік мемлекет болатын. Содан қазір күшті мәжілісі бар Президенттік мемлекетке айналды. Өзгерістердің ішінде депутат сайлаулары кезінде мәжіліске мажорлық деген үлкен дүние.
Ал бұл өзгерістер қоғам дамуына қаншалықты әсер етті? Елорда тұрғындарының айтуынша, серпіліс анық сезіледі. Олар өздері дауыс беріп енгізген өзгеріс өрлеуге әкеле жатқанына сенімді.
БЛИЦ:
- Екі жылдың ішінде үлкен өзгерістер болды. қазір қарасаңыз не то что Астананың өзінде, басқа қалалардың өзінде. Өзгерістер өте керемет.
- Әсер етіп жатыр деп ойлаймын, көмек болып жатыр ғой енді.
- Екі жылдың ішінде изменение бар ғой. Халықты құттықтаймын Конституция күнімен, бәрі жақсы болсын.
Тәуелсіз ел төл заңын қастерлі құндылық ретінде көздің қарашығындай сақтайды. Бұл сіз бен біздің ата-баба һәм келер ұрпақтың алдындағы қасиетті борышымыз. Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалатынына әрдайым кепілдік береді. Және соңғы уақытта осы бағыттағы рөлін нығайта түсті.
Бекзат Аманов, Мадияр Қындыбаев