Тоқаев өзінің басты міндеті не екенін айтты
ТОҒЫЗЫНШЫ. Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет.
Бұл туралы Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты.
Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте, «Amanat» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал биыл одан да көп адам қатысады – деді ол.
Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет.
Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді. Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс. Қазір «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы керек. Сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз – деді Тоқаев.
Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді.
Елімізде ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Саяси жаңғырудың нәтижесінде азаматтарымыздың өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына жол ашылды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан терең өзгерістер жасалып жатыр. Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз – деді Президент.
Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық.
Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды. Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді – деді Мемлекет басшысы.
Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті.
Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс. Құқық қорғау органдары кәсібилік, батылдық және табандылық танытуы керек – деді Тоқаев.