Президент: Елімізде тозығы жеткен техникалар өте көп

фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамының Локализация орталығына барды, деп хабарлайды 24kz.

Мұнда Президентке дөңгелекті ауыл шаруашылығы техникалары мен жалпы машина жасау саласы үшін қосалқы бөлшектер шығаратын кәсіпорынның жұмысы таныстырылды. Қазір орталықта 700 адам еңбек етеді. Зауыт жылына 250 мыңға жуық бөлшек өндіреді. Жуырда Локализация орталығы аспалы және тіркемелі техникаларды өндіруде әлемде үздік саналатын AMAZONE компаниясымен келісімшартқа қол қойылады. Биыл зауытта дән себу және бүрку қондырғыларының өндірісі де іске қосылмақ. Қазір орталық KIA компаниясымен бірлесіп 2025 жылы іске қосылатын жаңа зауыттың құрамдас бөліктеріне арналған жабдықтар өндіру жұмыстарын бастаған. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорынның еңбек ұжымымен жүздесіп, өндірістегі жергілікті үлесті арттыру, білікті мамандар даярлау және ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту қажет екеніне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізде тозығы жеткен техникалар өте көп. Кейбір мамандардың айтуынша, ол 80%-ке дейін жеткен. Қазақстанда шығарылған техниканың есебінен барлық паркті жаңартатын уақыт келді. Қазір колледждерде жұмысшы мамандықтар бойынша білім алған жастардың өндіріске келгені қуантады.