Мемлекет басшысы Оқу-ағарту министрін қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты қабылдады, деп хабарлайды 24kz.
Мемлекет басшысына еліміздегі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру салаларын дамыту мақсатында қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берілді. Президентке техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау, инклюзивті және арнайы оқытуды дамыту жөніндегі жобалар таныстырылды. Кездесу соңында Мемлекет басшысы Оқу-ағарту министріне саланы одан әрі жетілдіру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Өткен жылы 29 үш ауысымды, 12 апатты мектептің мәселесі шешімін тапты. Жаңа оқу жылында 365 мың оқушыға есептелген 221 білім ошағын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мектептерді пәндік кабинеттермен жабдықтау көрсеткіші 2 есе артып, интернеттің сапасы үш есе артты. Мектеп бағдарламасына «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» жалпыұлттық құндылықтарына негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді.