«Майқайыңалтын» АҚ жауапты қызметкерлері тергеліп жатыр

«Майқайыңалтын» тау-кен байыту кенішінің 6 жауапты қызметкері қамауға алынды, деп хабарлайды 24KZ.

Арасында кәсіпорынның бұрынғы директоры да бар. Олар жыл басында автобуспен ескі шахтаға құлаған 4 тау-кен құтқарушысының өліміне байланысты тергеліп жатыр және жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерін бұзды деген күдікке ілініп отыр.

Естеріңізге сала кетсек, 2024 жылдың 4 қаңтарында «Майқайың» кенішінде жер опырылып, автобуста болған 4 адам мерт болған еді. 2 адамның денесін төтенше жағдайлар қызметі келесі күні алып шықты. Ал автобус жүргізушісі мен тағы бір құтқарушының мәйіті араға 7 ай салып табылды. 

Абзал Ибраев, облыстық ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары:

- Павлодар облысының полициясы тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу шеңберінде «Майқайыңалтын» АҚ-ның 6 жауапты қызметкері ұсталып, Павлодар қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.