М. Әшімбаев бюджет шығысын Ұлттық қор есебінен жабуға алаңдаушылық білдірді
Кейінгі бес жылда республикалық бюджеттің кірісі 80 пайызға артты.
Алайда бұл ұлттық қазына қомпайып жатыр дегенді білдірмейді. Шын мәнінде шығын кірістен екі есе көп. Бұл туралы сарапшылар клубының отырысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді. Жиында жорлдауда жүктелген міндеттер мен ел экономикасын дамыту мәселесі талқыланды. Аста төк шаралардан бас тартып, көрпеге қарай көсілу алдағы маңызды міндет екеніне баса назар аударылды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Президент Жолдауда "көрпеге қарай көсілу" ұстанымына баса назар аударды. Бұл біздің бюджетке деген көзқарасымызды түгел өзгертеді. Қазына қаржысын есеппен жұмсау керек. Бюджет саясатын осы ұстанымның айналасына тоғыстыра білсек, ұтымды экономикалық құрылым құруға маңызды қадам жасаймыз.
Талқылау барысында Мәулен Әшімбаев бюджет шығыстарын Ұлттық қор қаражаты есебінен жабу мәселесіне де алаңдаушылық білдірді. Салық базасын дамыту сала серпілісіне жеткізетін төте жол екені айтылды. Қатысушылар энергетикадағы маңызды сұрақтарға да жауап іздеді. Сенат Төрағасы атом электр станциясына қатысты ойымен бөлісіп, жаңа технологияларды терең игеруге шақырды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Электр энергиясы көздерін диверсификациялау үшін белсенді жұмыс істеуіміз керек. Болашақ атом энергетикасында екенін жақсы білесіздер. Бізде қажетті отын, маман бар. Оған қоса тоқ тапшылығы да күшейіп барады. Демек, атом энергетикасын салу көп мүмкіндіктің көзін ашады. Сол үшін бәріміз референдумды қолдап, осы бағыттағы жұмысты жеделдетуіміз керек. Әрине қауіпсіздікті де ұмытпаған жөн.