Қызылордада 9,5 шақырым жылу жүйесі жаңарады

Қызылорда қаласындағы жылу құбырларының 48% тозған, деп хабарлайды 24KZ.

Ескі жүйелер мен бу қазандықтарын жаңғырту үшін республикалық бюджеттен 12 миллард теңге бөлінді. Қомақты қаржыға қандай жұмыстар атқарылды? Жылу маусымына дайындық қалай?

Былтыр жылу маусымы іркіліссіз өтті. Дегенмен кейбір ескі жылу жүйелері сыр беріп, дер кезінде ақау қалпына келтірілді. «Жылу электр орталығы» мекемесі директорының айтуынша, биыл облыс орталығындағы ескі жылу құбырларын жаңалауға 6 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. 

Дінмұхаммед Исламов, «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК директоры:

- Республикалық бюджеттен 6,8 миллиард теңге ақша бөлінді. 9,5 шақырым желіні ауыстыруға. Қазіргі таңда 93%-і немесе 8,7 шақырым ауыстырылды. Қалғаны 1 қазанға дейін ауыстырылады. Жылу жүйесі бойынша тозу 45% еді, биылғы 9,5 шақырымды ауыстырғаннаң арқасында 42% дейін түсейін деп тұр.

Наурыз Сатханов, «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК бас инженері:

- Негізгі қондырғылардан 6-шы бу қазандығы, 9-шы бу қазандығы ағымдағы жөндеуден өтті. Сосын ескі стансының ішінде 3-ші турбинамыз бар, оған да ағымдағы жөндеу өткізілді. Бүгінгі күні іштегі жүйелердің барлығы суға толтырылып, күзгі соңғы сынақтардан өткізіп жатырмыз, қысқа дайындық жасау үшін.

Жылу маусымына дайындық жұмыстары өңірде көктемде басталған. «Барлық нысандағы жұмыстар тиісті кестеге сай жүріп жатыр», – дейді сала басшысы.

Медет Усаин, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

- Энергия көздері дейміз, олардың дайындығы 95%-ке бүгінгі таңда бітіп тұр. 25 қыркүйекке дейін жылу орталықтарындағы барлық жұмысты бітіреміз. Жылу құбырлары бойынша қазір Қызылорда қаласында 6 учаскеде жұмыстар жүріп жатыр. Оның төртеуі қазір 95%-ке бітіп тұр, екеуі 70%-тен асты. Бұл жұмыстарды 1 қазан мен 10 қазан аралығында толығымен бітіріп, жылуды береміз.

Магистральды жылу құбырларының қысымын арттыру арқылы беріктігі тексеріліп жатыр. Күн күрт суытқан кезде жылудан іркіліс болмау үшін жоспарлы жұмыс толық бақылауға алынған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Алиев, Айтмухамбет Байділдаев.