Президент Түркістандағы бірқатар нысанды аралады

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы білім беру, мәдениет және спорт нысандарын аралап көреді. Сондай-ақ бірқатар кәсіпорынға барады. Өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысады деген жоспар бар.

Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін қасиетті һәм киелі мекен – Түркістан. Талай сырды ішіне бүгіп жатқан тарихи өлкеге келушілердің қарасы қалың. Түркі әлемінің рухани астанасына табан тірегендер, ең алдымен, Арыстан баб пен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бой сұғады. Жазылмаған заңдылық. Президент те осы үрдістен аттамай, жұмыс сапарын кесенеге зиярат етуден бастады. Тегі түркі жұртына ортақ рухани ұстаз бен өзге де тұлғалардың рухына тағзым етіп, құран бағыштады. 

Түркістан аз уақытта адам танымастай түрленді. Аймақта ескі өркениет пен жаңа дәуір тоғысып жатыр. Тарихи ғимараттарымен мақтанатын көне шаһардан, әп-сәтте жаңғырған заманауи қалаға айналды. Өзгеріс көзге ұрады, серпілісті сезу қиын емес.

Мұнда 2 млн астам тұрғын бар. Халық саны да жылдам өсіп келеді. Сол үшін әлеуметтік бағыттың әлеуетін арттыру - маңызды міндет. Президент аралау кезегін білім беру бағытынан бастады. Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 29 мектеп салынып жатыр. Жемқорлардан тәркіленген қаржыға тағы 20 білім беру нысаны бой көтереді. Оның 13-і биыл пайдалануға берілмек. Осылайша апатты және үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі. Ғимараты жаңадан бой көтерген мектептің бірі - Білім Инновация лицейі. Лицей жаратылыстану-математика бағытын ағылшын тілінде оқытады. ҰБТ-да оқушылары орташа 112 балл жинапты. Биыл республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша он бірінші орынға тұрақтаған.

Ақбаян Орынбек, №3 БИЛ директорының орынбасары:

- Оқушылар оқу жылының соңында шетелде жазғы лагерьлерде болады. Биыл Гонконгтағы технология және ғылым институтының ішінде демалып қайтты. Сонымен қатар 6600 долларлық грант ұтып алды. Емтихан арқылы іріктеледі.

Ең қызығы, мектеп Бритиш Канслдың ресми серіктесі атанды. Енді өңірдегі оқушылар осы жерден IELTS тапсыра алады. Ал ол өз кезегінде түлектерге әлемнің үздік университеттерінен білім алуға жол ашады. Мұғалімдер ғылымға басымдық береді. Тек теория жүзінде емес, түрлі тәжірибе де жүргізіледі. Мысалы оқушылар робот жасауды меңгеріп, ғарышпен байланыс орнатуды бастап кетті. Алғашқы спутник құрастырылып, атмосфераның жоғарғы қабатына көтерілген. Осылайша, аспандағы қысым, радиация жайлы мәлімет алды. 

Еркін Ақтаев, спутниктік робототехника және ғарыштық байланыс үйірмесінің жетекшісі:

- Бізден алынған мәліметтерді экология департаменті, Қазгидромет мекемелері ала алады. Осы оқу жылының ішінде, көктемге қарай жоспарлап қойдық. Тағы да ұшыру мәселесін. Бұған дейін қойылған датчиктерден бөлек атмосфераның жоғары қабатының ластануын анықтайтын қосымша компоненттерді қоюды жоспарлап отырмыз.

Президент мектептегі оқу үйірмелері мен спортзалды аралап, жастармен тілдесті. Кездесуде еліміздің келешегі жас ұрпақтың қолында екенін айтып, олардың оқуда озат болуына тілек білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі таңда жастар білімді болу керек алдымен. Сол үшін баршаңызға бақыт тілеймін. Білімді болыңдар.

Мектеп оқушысы Ділмұрат Ташболатов былтыр пауэрлифтингтен әлем чемпионы атанып, жаһан рекордын жаңартты. Біліктілігін әрі қарай шыңдау үшін жаңа мектептің спортзалы көп көмектеседі дейді ол. Сапалы жабдықтар жас атлетке үлкен белестерді бағындыруға дем береді. Оқушылармен жүздескен Президент жас спортшының білегін сынап көрді.

Ділмұрат Ташболатов, мектеп оқушысы, пауэрлифтингтен әлем чемпионы:

- Мектепте спортқа жағдай жақсы жасалған. Любой уақытта спортпен айналысуға болады. Спортзал ашық тұрады. Мақсатым -  одан да жақсы жарыстарда, мысалы, ИПФ деген жарыстарда чемпион атану. Қазақстанның атын таныттыру.

Жергілікті жастардың спортқа қызығушылығы жоғары. Былтырдан бастап Мұз сарайы ашылып, қысқы спортпен шұғылдануға мүмкіндік туды. Нысанда Италия, Канада, Германия, Финляндия елдерінде шығарылған қондырғылар орнатылған. Арнайы технология алаңның пішінін өзгертуге мүмкіндік береді. Сол арқылы Мұз айдынында бір мезгілде бірнеше спорт түрімен шұғылдануға болады.

Данияр Исабаев, "Мұз сарайы" кешенінің директоры:

- Жыл он екі ай бізде мұз болады. Себебі Еуропадан алдырған тоңазтықыш қондырғылар ғимарат ішіне орналастырылған. Сапасы жоғары. Жазда да мұз болады. Бұрын соңды Түркістанда қысқы спорт түрі болмағандықтан қызығушылық өте жоғары. Кешкі халыққа есігіміз ашық. Жаппай сырғанау болады. Түнгі он екіге дейін. Келген кезде қызығушылық танытып балаларын әкеліп жатады.

Бекзат Аманов, тілші:

-Мен конькимен мына балалар секілді шебер сырғанай алмаймын. Себебі біздің балалық шағымызда мұндай сапалы мұз айдыны сирек болды. Ашығын айту керек, Түркістандық тұрғындар үшін де қысқы спорт түрлері таңсық. Алайда осы алып алаң жергілікті халыққа конькимен кәсіби айналысуға мүмкіндік сыйлады. Мұнда шорт трек, хоккей, мәнерлеп сырғанау сынды спорт түрлері бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ бапкерлермен және спортшылармен кездесті. Президент отандық спортшыларды әрдайым қолдайтынын, жетістіктерін бақылап отыратынын айтып, оларға сәттілік тіледі. Жергілікті «Turan Tigers» хоккей клубының спортшылары Мемлекет басшысына команданың жейдесін сыйға тартты.

Бекзат Аманов, Еділ Ермекбаев, Дулат Ентебеков