Тоқаев: Мұғалімнің мәртебесі қашан да бәрінен биік
Ұстазы мықтының - ұстанымы мықты.
Қандай мамандық иесі болмасын, бәрі де өз ұстазының алдынан өткен.
Ұлы тұлғалардың өзі мұғалімінің алдында шәкірт болып қала береді. Бүгін ел педагогтарын кәсіби мерекесімен құттықтаған Президент осылай деді. Ұстаздарымыздың шәкірт тәрбиелеудегі тынымсыз еңбегі ешқашан ұмыт қалмайтынын жеткізіп, бір топ педагогқа «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын тапсырды.
Алты алаштың басы қосылса – төрдегі орын ұстаздыкі. Бүгін де мұғалімдер Ақорданың төріне жайғасты. Себебі де ерекше. Елдің ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен Президенттің өзі құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мұғалімнің мәртебесі қашанда бәрінен биік. Ұлы тұлғалардың өзі ұстазының алдында шәкірт болып қала береді. Бір сөзбен айтсақ, барша жетістіктің бастауында ұстаз тұр. Ұлттың болашағы – ұстаздың қолында. Менің мақсатым ұстазды қоғамымыздың басты кейіпкері ретінде дәріптеу. Себебі сіздер бала оқыту арқылы келешектің кірпішін қалайсыздар. Қазақстанның дамыған ел болуына зор үлес қосып жүрсіздер. Сіздердің табанды еңбектеріңіз ерекше құрмет пен жоғары марапатқа лайық.
Ұлтты тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі бүгінде орасан зор. Өз сөзінде Президент мұғалімдердің пандемия, су тасқыны кезінде де оқу үдерісін тоқтатпай, міндетін адал атқарып, елге жанашырлық танытқанын мысал етті. Тағы мемлекет басшысы саналы ұрпақ тәрбиелеу ісіне ұстаздармен бірге ата-аналар да атсалысуы қажеттігін атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Оқушыларды білімпаздыққа, отаншылдыққа, еңбекқорлыққа баулу қажет. Әрине қазіргі заманда бұл оңай шаруа емес. Соңғы кезде интернеттің теріс бағыттағы шырмауына түскен жастар көбейіп кетті. Біз балаларды түрлі қатерден қорғай білуіміз керек. Осыған байланысты нақты шаралар қабылданып жатыр. Менің тапсырмаммен «Біртұтас тәрбие» атты арнайы бағдарлама дайындалды. Бұл құжатта Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныс-пікірлер ескерілді. Мектептерде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды.
Жалпы соңғы жылдары білім саласында оң өзгерістер орын алып жатыр. Елде осы саладағы үздік мамандарды іріктеу жобасы жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде бұл жобаға қатысқан 134 педагог мектеп директоры болып тағайындалған. Бұдан бөлек білім бері инфрақұрылымы да жыл сайын жақсарып келеді. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында келесі жылы 460 мыңнан астам балаға арналған 217 жаңа мектеп салу жоспарланған. Олар заманауи талаптарға сай жабдықталған озық білім ошағы болады. Мектептерде ерекше қажеттіліктері бар балалардың кедергісіз білім алуына да қолайлы жағдай жасалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Аталған ауқымды жоба үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге, қала мен ауыл мектептеріндегі білім алшақтығын азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, елімізде жыл сайын кемінде мың мектептің ғимаратына жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Білім беру процесін цифрландыруға баса назар аударылады. Барлық мектепті жылдамдығы жоғары интернетке қосу бойынша кешенді жұмыс қолға алынады. Қосымша білім беруге ерекше мән беріледі. Оның аясында үш миллионнан аса адамды қамту жоспарланып отыр. Биыл отандық мектептердің оқушылары халықаралық олимпиадалардан 360-тан астам медаль жеңіп алды. Бұл ұстаздарымыздың жанкешті еңбегі мен кәсібилігінің жемісі.
Тағы айта кету керек, елде мұғалімдердің статусын көтеруге бағытталған ауқымды істер атқарылды. Президент тапсырмасына сәйкес «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Бұл құжат ұстаздардың заңды мүддесі мен құқықтарын қорғауға ықпал етті. Мұғалімдер жалақысы едәуір артып, кәсіби қызметтеріне кедергі келтіретін артық міндеттерден босатылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы заңға сәйкес «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл жай атақ емес, мәртебелі мемлекеттік награда. Оның иегеріне қомақты сыйақы беріледі. Республика бойынша 46 мұғалім осы наградаға ие болды. Сондай-ақ қазір ұстаздарға академиялық дәрежесіне сәйкес үстемеақы төленіп жатыр. Халықаралық олимпиада жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Биыл болашақ ұстаздарды даярлау үшін 16 мыңға жуық грант бөлінді. Соның ішінде шамамен 1800 «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығын таңдады. Бұл өте жақсы үрдіс.
Ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордаға жиналған мұғалімдерге білім беру ісіндегі аса үздік жетістіктері және елге сіңірген айрықша еңбектері үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын тапсырды.
Қошеметке бөленгендердің қатарында Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназия директоры Сәния Тілеубай да бар. Білікті педагогтың еңбек өтілі 42 жылға таяған. Ал басқарып отырған білім ұясында бүгінде 154 мұғалім 2600-ден астам шәкіртті оқытуда.
Сәния Тілеубай, М.Мақатаев атындағы №140 гимназия директоры:
- Бұл керемет бақыт қой. Қатты толқып тұрмын. Қуаныштымын. Ақордаға келіп, Президент қолынан осындай марапат алу деген керемет құрмет. Президентімізге үлкен Рахмет! Ұстаздар лттың зияткерлік қуаты деді. Олай болатын болса, осы сөздерге лайықты болу үшін аянбай еңбектенуіміз керек. Өйткені ұстаз шәкірт тәрбиелейді. Ал шәкірт алдымызда отырған еліміздің ертеңгі азаматтары.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Ұстазға беріліп жатқан үлкен атақ – бұл біздің мұғалімдеріміздің адал еңбегі мен маңдай терінің нәтижесі. Бұған дейін 46 педагогқа бұндай атақ берілген, оның қомақты сыйақысы бар 1000 АЕК. Ал бүгінгі күні 24 мұғалімге беріліп отыр. Бұл марапат Ақорда төрінде мемлекет басшысының жеке өзінің қолынан алу жалпы біздің елде мұғалімге деген құрметтің қандай деңгейде екендігін көрсетеді.
Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаған. Бұған білім саласының ардагері Күліш Төлеуханова дәлел бола алады. Ұлағатты ұстаз зейнетке шықаннан кейін де 18 жыл бойы балаларды білім нәрімен сусындатқан екен. Сүйікті ісі – шәкірт оқытумен жарты ғасыр бойы айналысқан білікті маман. Бүгін ардагердің 50 жылдық еңбегі еленді.
Күліш Төлеуханова, білім саласының ардагері:
- Бұл ұстазға деген үлкен құрмет. Өйткені біздің ұлтымыздың келбеті – ұстаз. Мемлекетіміздің келешегі тек қана ұстаздардың қолында. Кемел келешек үшін кемеңгер ұстаз керек деймін мен. Әрине бұл жетістікке жетуім – шәкірттерім. Шәкірт әр ұстаздың бақыты, озық шәкірті – солардың жемісі. Шәкірттердің жемісі – ұстаз еңбегінің жемісі.
Мұғалім – мектептің жүрегі. Елдің түкпір-түкпірінде еңбегі ерен ұстаздар жеткілікті. Мемлекет басшысы алдағы уақытта олар да назардан тыс қалмайтынын айтты. Себебі еңбек ешқашан елеусіз қалмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұстаздар әулетіне айрықша мән беріледі. Бүгін мен білім беру ісінде 350 жыл еңбек өтілі бар Асылаевтар отбасы туралы мақаланы оқыдым. Олар Абай облысында тұрады екен. Мұндай өнегелі әулеттер елімізде көп деп ойлаймын.
Қазақ қашанда ұстазын ұлы тұлға ретінде көрген. Себебі мұғалімнің еңбегі ең құнды еңбек. Ол адамның жүрегіне жол тауып, оған сенім, білім, болашаққа үміт сыйлайды. Қандай мамандық иесі болмасын, бәрі де өз ұстазының алдынан өткен. Сондықтан ұстаздар – қоғамның алтын діңгегі, болашақтың сәулетшілері.
Риат Шони, Марат Диханбаев