Мемлекет басшысы Г. Бердімұхамедовпен кездесті
Ашхабадға ресми сапардың мақсаты – екі елдің стратегиялық серіктестігін жаңа деңгейге шығару.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесіп, осылай деді. Тараптар бір-біріне ілтипат білдіріп, сан саланың серпілісін талқылады. Атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары егжей-тегжейлі қаралды. Гурбангулы Бердімұхамедов қазақ басшысының ресми сапарында қол жеткізілетін уағдаластықтар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сіздің еліңізбен ынтымақтастықты дамыту мәселесіне зор жауапкершілікпен қараймыз. Біз – стратегиялық серіктес елдерміз. Жаңа Бірлескен үкіметаралық комиссияның жұмысы туралы айтып өттіңіз. Мен де оның қызметін бақылап, Үкіметке бағыт-бағдар беріп, қандай шешім қабылдау керек екенін нұсқап отырамын. Өйткені біз үшін Түрікменстанмен достық байланыс басты басымдықтардың бірі саналады.