Тоқаев: Қазақ-түрікмен арақатынасын жаңа деңгейге шығаруға ниеттіміз
Ашхабадта қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды.
Салтанатты шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Мемлекет басшысы бүгін ресми сапармен Түрікменстанға барды.
Бұнда Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовпен келіссөз жүргізіп, «Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі» атты халықаралық форумға қатысады деп жоспарланған.
Риат Шони, тілші:
- Қазақ-түрікмен қатынастары ғасырлар бойы тамыры тереңге кеткен тарихи байланыстарға негізделген. Осы күнге дейін екі халықтың қойы қоралас, ауылы аралас болып, ортақ мәдениет пен дәстүрлер қалыптасты. Ал Қазақстан мен Түрікменстанның экономикалық байланысы — «қос өзеннің тоғысындай» үздіксіз дамып, әрбір саланы гүлдендіріп келеді. Екі ел арасындағы сауда-саттық пен стратегиялық әріптестік Орта Азиядағы тұрақтылықтың мызғымас негізіне айналған. Бұл әріптестік тек «жақсы күннің шырағын жағып қана қоймай», болашаққа бағытталған стратегиялық жобалар арқылы «бірліктің жалауын биік ұстауда».
Осы жалаудың тұғырын түсірмей асқақтату үшін қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Түрікменстанға келді. Түрікмен төріне табан тіреген мәртебелі мейманды әуежайда Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алып, зор қошемет көрсетті. Құрмет қарауылы сап түзеп, елдің әнұрандары орындалды.
Салтанатты рәсімнен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен екі жақты кездесу өткізді. Тараптар екі ел арасындағы қазіргі әріптестік жайын талқылады. Қазақ басшысының бұл жолғы ресми сапарының басты мақсаты Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге шығару. Кездес барысында Президент осыны жеткізіп, қонақжайлық танытқаны үшін Гурбангулы Бердімұхамедовке ризашылығын білдірді.
Ашхабадта ұлы ақын Абайдың ескерткіші ашылды
Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов Ашхабад төрінде ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты. Салтанатты жиында қазақ басшысы Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай арнайы шығарылған медальмен марапаттағаны үшін алғыс айтты. Ал хәкім Абай ескерткішінің ашылуын түрікмен бауырлардың қазақ халқына айрықша құрметінің көрінісі деп санайтынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Абай – әлемдік ауқымдағы алып тұлға. Оның шығармалары бүкіл адамзаттың асыл мұрасына айналды. Жер жүзіндегі көптеген қалада хакім Абайдың ескерткіші бар. Ұлы ақын саналы ғұмырын ағарту ісіне арнады. Абай «Талап қыл артық білуге» деп, өнер-білім философиясын кеңінен насихаттады. Ол теңдессіз туындылары арқылы мызғымас құндылықтарды дәріптеді. Жұртты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулыды. Жақсылық пен парасаттылыққа үндеді. Ашхабадта Абай ескерткішінің ашылуы – бауырластығымызды нығайта түсетін бірегей бастама.
Айта кету керек, биыл Астанада түрікмен халқының ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылған болатын. Бұл айтулы оқиғаны да бүгін Президент еске салып, қазақ елі түркі жұртына ортақ тұлғаның шығармашылығына зор құрметпен қарайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шын мәнінде Абай мен Мақтымқұлы еңбектері – түркі дүниесінің құнды қазынасы. Оны сақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Ұлы ақындарымыздың поэзиясында өзара сабақтастық мысалдары көп. Біз – түбі бір, тарихы ортақ, тілі мен мәдениеті ұқсас халықтармыз. Осы бауырластық елдеріміздің қарым-қатынасына арқау болып отыр. Қазір бұл байланыс стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр. Түрікменстанға бүгінгі ресми сапарым – соның айқын дәлелі. Абайдың ескерткіші қазақ-түрікмен достығының символына айналады деп сенемін.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткіші Ашхабадтың «Лачын» саябағында орналасқан. Таза қоладан құйылған мүсіннің биіктігі 4,5 метрге дейін жетеді. Қолына кітап ұстаған ойшылдың көзқарасы болашаққа бағытталған. Жиында сөз сөйлеген Түрікменстан Халк Маслахатының өзінен кейін мол мәдени мұра қалдырған ұлы тұлғаның шығармаларын сақтап, оны болашақ ұрпаққа жеткізудің мәні зор және маңызды миссия екендігін атады.
Президент сапарының тағы бір маңызды бөлігі – ол Түрікменстанның Тәуелсіздік монументіне тағзым ету. Қасым-Жомарт Тоқаев мұнда гүл қойып, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың берік екенін көрсетті.
Бауырлас елмен байланыс беки түсті
Қазақ басшының Түрікменстанға ресми сапары «Оғызхан» сарайында жалғасты. Бұл Президент Сердар Бердімұхамедовтың резиденциясы. Мұнда мемлекет басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырып, шағын құрамда келіссөз жүргізді. Сан саладағы әріптестік жайы талқыланып, тараптар энергетика, көлік, сауда-саттық сынды бағыттарда бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендіктерін білдірді. Жалпы екі ел арасындағы қазіргі қатынас көңіл көншітерлік деңгейде. Бұған дейінгі кездесулерде Президенттер Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы тауар айналымын 1 млрд долларға дейін арттыру мақсатын қойған болатын. Қазір бұл көрсеткіш 563 млн-ның төңірегінде. Былтыр алыс-беріс 30 пайызға жуық өсімді көрсетті.
Екі ел арасындағы сауда-саттық
2023 ж. – 28,4%
$438,7 МЛН $563,1 МЛН
Әлия Әбдірахманова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:
- Қаңтар-тамыз аралығында 318 млн долларды құрады. Оның ішінде Қазақстаннан Түрікменстанға экспорт 186 млн доллар, ал Түрікменстаннан Қазақстанға импорт 131,9 млн долларды құрады. Бұл цифрлар біздің мемлекет арамыздағы белсенді және өзара нәтижелі ынтымақтастықты растап отыр.
Ынтымақтастықты одан әрі арттырудың әлеуеті зор. Қазақстан тауардың 80түрі бойынша Түрікменстанға экспорттың жалпы көлемін 120 млн долларға дейін ұлғайтуға дайын. Бұл жайында Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовпен кеңейтілген құрамда өткен келіссөз барысында мәлімдеді. Орайы келгенде екі елдің іскер топтары арасындағы байланысқа қолдау көрсетудің маңызына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Маған баяндалған мәліметке сәйкес, шағын және орта бизнес инвестициялық әлеуетке ие екенін көрсетіп отыр. Былтыр Қазақстан компанияларының Түрікменстанға бизнес туры ұйымдастырылды. Осы орайда Қазақ-түрікмен іскерлік кеңесі алаңында кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыру аса маңызды. Іскерлік орта негізгі қозғаушы күшке айналуы керек. Екі елдің ірі коммерциялық және ұлттық компанияларының күш-жігерін өнеркәсіп, құрылыс, логистика, байланыс және экономиканың басқа да салаларындағы нақты жобаларды іске асыруға жұмылдырған жөн деп санаймын. Бүгін қол қойылатын Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісім бұл үдеріске тың серпін беретініне сенімдімін.
Өз кезегінде түрікмен басшысы да Қазақстан Президентінің бұл сапары екіжақты ықпалдастықты кеңейту тұрғысынан маңызды екендігін атады. Тату көршілік пен тығыз әріптестік байланыстарды одан әрі нығайтуға, әлеуеті зор бағыттарды дамытуға оң әсер етеді деген сенім білдірді.
Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан Республикасының Президенті:
- Қазақ-түрікмен қарым-қатынасы ғасырлар қойнауынан тамыр тартады. Осы уақыт ішінде шынайы бауырластық байланыс қалыптасты. Қос мемлекет пен халықтарымызды географиялық орналасуы ғана емес, біртұтас тарихи тағдырластықты сезінуі мен бір-біріне қажет екенін түсінуі біріктіреді. Біз ортақ құндылықтарымызды қастерлейміз, бабалардан мұраға қалған дәстүрімізді құрметтейміз әрі мұқият сақтаймыз.
Келелі келіссөздерден кейін қос ел басшысы Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы достықты нығайту және көпжақты стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы декларацияны қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл құжатта біз бауырлас халықтарды жақындастыруға, қазақ-түрікмен қатынастарын мүлдем жаңа деңгейге көтеруге екі тараптың да ниетті екенін тағы бір мәрте растадық. Сонымен қатар 2027 жылға дейінгі тиісті Кешенді жоспар қабылданды. Алдағы уақытта туысқан қос халықтың игілігі үшін айтулы шараларды көбірек өткізуге уағдаластық. Кездесуде екіжақты сауда-саттық мәселесіне айрықша мән берілді. Біз тауарлар номенклатурасын кеңейту және сауда-саттықты одан әрі өркендету үшін қолайлы жағдай жасау мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде келістік. Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен, бидай жеткізу көлемін ұлғайтуға болады. Елімізге экспортты арттыруға және біздің нарықта ұзақ мерзімге тұрақтап қалуға түрікмен бизнесінің де әлеуеті жетеді.
Сондай-ақ екі елдің делегация мүшелері бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды. Атап айтқанда, мұнай-газ, көлік, логистика және транзит саласындағы серіктестестікке серпін қоспақ.
Асхат Хасенов, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:
- «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Түрікменнебит» концернімен біздің Президентіміздің Түрікменстан еліне сапары аясында ынтымақтастық туралы қол қойдық мұнай сервисін дамыту жайында. Оның ішінде басты 3 бағыт бар. Біріншісі – ол кен орындарын барлау және игеру жұмыстарын ілгерілету, екіншісі теңіз бұрғылау қондырғысы бізде осы 6 тамыз күні Чиликин кен орнын игеру бойынша келісімге қол қойдық. Сол жұмыстарды ілгерілету. Үшіншісі – бұл біздің 2 мемлекеттік мекеме арасында тәжірибе алмасу.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Екі елде автокөлікпен ауыр жүк тасымалдайтын кәсіпорындар екі елдің арасында жүк тасымалдағанда арнайы рұқсатын алу қажет. Қазіргі қойған үкіметаралық келісімге сәйкес осы арнайы рұқсатты түбегейлі жойылатын болады.
Тағы тараптар алдағы уақытта Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы тікелей әуе қатынасын ұйымдастыру мәселелерін пысықтауға келісті. Ал жүк тасымалы бүгінде бір жолға қойылған. Енді қос ел көлік дәліздерінің мүмкіншілігін арттыруға бейілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Былтыр елдеріміз арасында теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 20 пайызға артып, 1,5 миллион тоннаға жуықтады. Бұл істе, әсіресе, «Солтүстік – Шығыс» көлік дәлізінің маңызды бөлшегі саналатын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол бағыты айрықша рөл атқарады. Бұдан бөлек, екі мемлекеттің ортасындағы «Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» бағыты бойынша жол инфрақұрылымын бір-бірімен жалғау жұмыстары жүргізілуде. «Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан» темір жолын салу перспективасы талқыланды. Тараптар бұл тақырыпта нақты келіссөздер жүргізуде.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға жасаған ресми сапарының алғашқы күні жемісті болды. Келелі келіссөздер жүргізіліп, маңызды құжаттар қабылданды. Ал ертең мемлекет басшысы түрікмен халқының ғұламасы Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдығына арналған «Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі» атты халықаралық форумына қатысатын болады.
Риат Шони, Марат Диханбаев, Дулат Ентебеков