Сарандағы жылуға қатысты жалған есеп бергендер жазаланады
Саран қаласындағы жылу беретін нысанның дайындығы туралы жалған ақпарат берген тұлғалар түгел жауапкершілікке тартылады.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Бүгін Үкімет отырысында шаһардағы жылу мәселесі күн тәртібінен тыс қаралды. Жауаптылар тексеріс басталғанын хабарлады. Оның қорытындысы құқық қорғау органдарына жіберілмек. Егер қылмыстың құрамы анықталса, кінәлілердің бәрі жазаланады. Олжас Бектенов мәселенің ушығуын қала және облыс әкімі тарапынан бақылаудың жоқтығымен байланыстырып, түйіткілді бүгін тарқатуды тапсырды. Оған қоса отырыстан кейін Энергетика министрі Саран қаласына барып, жағдайды өзі тексеретінін айтты.