Президент Жарлығымен бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды

фото: akorda.kz

Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым қайраткерлері, өндіріс, бизнес салаларының көрнекті өкілдері, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар және еңбек ардагерлері бар.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы отандық ғылымды дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық қызметтегі аса үздік еңбегі үшін Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті А.Жұмаділдаевқа, елдің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін Алматы қаласы №4 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі Г.Нұрпейісоваға, Орал қаласы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Э.Траисоваға және өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін Қарағанды облысы «Шахтерское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Г.Прокопқа берілді.

«Отан» орденімен Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының директоры С.Жошыбаев пен көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Н.Оразалин марапатталды.

І дәрежелі «Барыс» ордені Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары А.Рауға, Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртісі Н.Өнербайға, еңбек ардагерлері Қ.Жақыповқа, Ө.Озғанбаевқа, В.Редкокашинге және С.Шәкіратқа, Алматы қаласы «Persona» халықаралық клиникалық репродуктология орталығының басшысы В.Локшинге, ІІ дәрежелі «Барыс» ордені Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Н.Онжановқа және еңбек ардагері Ж.Шәріповке, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсеноваға, шахматтан әлем чемпионы Б.Асаубаеваға, Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаевқа, Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы С.Сейдәзімовке табысталды.

Сонымен қатар бір топ белгілі ғалым, мәдениет, білім саласының қайраткерлері және өндіріс өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер «Парасат» орденінің иегері атанды. Олардың қатарында Алматы қаласы «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы З.Аманжолова, Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы «Арғымақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры О.Байділда, «Қазақстан авторлар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас директоры Б.Есенәлиев, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Х.Қалиламбекова, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері К.Кемалов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас директоры К.Матыжанов, Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды, «Мағжан» әдеби-көркем журналының бас редакторы Ж.Сүлейменов, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы Д.Темірсұлтанова бар.

Ұлтаралық бейбітшіліктің дамуына сіңірген елеулі еңбегі үшін «Ел бірлігі» орденімен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі С.Героев, күрдтердің «Барбанг» қауымдастығының төрағасы А.Алиев, «Мицва» қауымдастығының төрағасы А.Барон және «Динар-Электромаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тең құрылтайшысы С.Вишняк марапатталды.

Еліміздің дамып, өркендеуіне елеулі еңбегі сіңген бір топ азамат, соның ішінде Алматы қаласындағы «Балдәурен» балаларды оңалту орталығы» КМК директоры Ш.Абесов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Р.Бектұров, Астана қалалық Жас көрермендер театрының актрисасы С.Еслямова, скрипкашы Ж.Серкебаева, Қосшы қаласындағы мектеп-гимназияның директоры Д.Асқарова «Құрмет» орденімен марапатталды.

Бұдан бөлек, өнеркәсіп, транспорт, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да өндіріс салаларының жұмысшылары мен еңбеккерлері ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін иеленді. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениеттің көрнекті өкілдеріне табысталды.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, ақын-жазушылар Т.Медетбек, В.Михайлов және И.Сапарбай «Қазақстанның халық жазушысы» атағына ие болды. «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері: театр және кино актерлері К.Жұмабековке, Л.Кәденге, О.Коржеваға, И.Лебсакқа, Р.Махпироваға, Г.Шынтемірге және Ә.Ыдырышевқа, опера әншілері М.Мұхамедқызы мен Ж.Баспақоваға, дирижер А.Мұхитдинов пен күйші С.Тұрысбекке, сондай-ақ белгілі әнші М.Ілиясоваға берілді.

Сонымен қатар биылдан бастап құрметті атақтар қатарына «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы қосылды. «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» акционерлік қоғамының бас директоры А.Байгенжин, «Ұлттық ғылыми онкология орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гематология орталығының басшысы В.Кемайкин және Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері Б.Цхай жаңа құрметті атақтың алғашқы иегерлері атанды.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Атап айтқанда, суға батып бара жатқан адамды құтқарғаны үшін Р.Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының аға жауынгері Ж.Пермабек, «Ерлігі үшін» медалімен Павлодар облысы полициясының учаскелік аға инспекторы Е.Қойкен, Ақтөбе қаласының полиция инспекторы Ф.Нұрманов, Талдықорған қаласының полиция инспекторы С.Серікқалиұлы, жасөспірімді өрттен құтқарғаны үшін Атырау қаласы полициясының учаскелік инспекторы Д.Қорғанбаев наградталды.

Жалпы биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым жұмысшылардың мәртебесін асыруға, еңбек әулеттерінің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға айрықша мән берілді. Марапат иелерінің қатарында 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті бар.

Еңбек династияларын марапаттау дәстүрі биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы мұғалімдер, өндірісшілер, теміржолшылар әулеттері құрметке бөленді.