Қ. Тоқаев: Жетістігіміз берекелі бірліктен бастау алады

Республика күні қарсаңында Президент бір топ азаматқа жоғары мемлекеттік наградаларды табыстады.

Ақордадағы мерекелік жиында еңбек адамдары мен ғылым-білім саласындағы қызметкерлерге көп көңіл бөлді. Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым жұмсшыларды қолдау одан әрі жалғасатынын айтып, елдің даму жолына қатысты сөз сөйледі.

Бекзат Аманов, тілші:

- Ақорда іші бүгін қызу қарбалас. Бас резиденция құрметті қонақтарды қабылдауға дайындалып жатыр. Меймандардың құрамы әртүрлі. Әкім, лауазымды тұлғалардан бастап полицейлер, мұғалімдер, тіпті өндірістегі қарапайым қызметкерлерге дейін бар. Олар республика күніне орай мемлекеттік наградалармен марапатталатын болады. Олардың марапаты осы жерде қаз-қатар тізіліп тұр. 

Республика күні ата арманы ақталған, азаттық айшықталған ұлық мереке. Баянды болашақтың алтын қазығына айналған айтулы дата қарсаңында Президент қазақтың игі-жақсыларын түгел жинады. Жасы да, жасамысы да, білімді де, білекті де осында. Бәрі егемен елдің ертеңі үшін елеңдеп жүрген азаматтар. Мемлекет басшысы мезірет басында мейраммен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауы деуге болады. Бостандықтың байрағын желбірету зор бақыт. Оны биік әрі нық ұстап тұру қастерлі парыз. Алға көз тігіп, болашаққа сеніммен қарайтын ұлт қана табысқа жете алады. Бұл мен үшін мызғымас қағида.

Бұл мерекені қараша тәуелсіздіктің бастауына балайды, қадір тұтады. Келелі жиында Асқар Жұмаділдаевқа Қазақстанның Еңбек ері атағы беріліп, орден тағылды. Бірі білсе, бірі білмес, 90 жылғы аумалы-төкпелі заманда Тәуелсіздік туралы декларацияны қабылдаған депутаттардың бірі Жұмаділдаев еді. Халқы құрмет тұтатын тұлға лайықты төріне өзі мұрындық болған Республика күні жетті.

Асқар Жұмаділдаев, Қазақстанның Еңбек Ері, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті:

- Декларация 25 қазан күні қабылданды. Содан кейін Тәуелсіздік туралы заң қабылданды. Негізі бұл ендің әкесі мен шешесі ғой. Әр адамның әке-шешесі болады. Декларация әкесі блса, Тәуелсіздік заң шешесі болады. Сондықтан екі мерекені қатар айтқан дұрыс болады. Екі мерекені де қолдаған, қуанған дұрыс болады. Бұл кісі бізге ғылымды жоғары нәтижеге жеткізіңдер деді. Мен соны орындаймын. 

Қ. Тоқаев: жетістігіміз берекелі бірліктен бастау алады

Декларация қабылданғалы онжылдықтың үшеуі өтті. Егемендіктен кейін де талай сын-қатермен кездестік. Алайда бірін қалдырмай еңсеріп келеміз. Биылғы су тасқынын мысалға алсақ, табиғи апаттан мыңдаған адам жапа шекті. Күрделі кезеңде Президент ешкім ескерусіз қалмайды деген еді. Мемлекет сол уәдесінде тұрды. Қасым-Жомарт Тоқаев мұны халық бірлігінің жемісі деп атап, атсалысқан азаматтарға алғысын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қысқа мерзім ішінде 2700-ге жуық үй салынды. Баспанасын қалпына келтіру үшін 9 мыңнан астам отбасына өтемақы берілді. Сондай-ақ 6 мыңға жуық үй сатып алынды. Жаздан бері мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлады. Мемлекет бүлінген инфрақұрылымның көпшілігін аз уақытта қалпына келтірді. + Бұл бүкіл қоғамның бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі.

Бұқара біріксе, алынбайтын қамал жоқ. Кез келген қиындықты қарашаның көмегімен оңай еңсеруге болады. Сол үшін мемлекет еріктілерді жоғары бағалап жүр. Бүгінгі жиында оларға да мезіреттен орын бұйырды.

Жандос Ақтаев, «ESBOL QORY» қорының төрағасы: 

Қ. Тоқаев: Халқымыз тағдыршешті сәтте өрлеу жолын таңдайды

Қазақстан өркендеу мен даму жолын таңдады. Мақсатқа жету үшін сан саланы ұдайы жаңғыртып отырады. Әсіресе, соңғы саяси реформаларды еске алуға болады. Президент осы арқылы мемлекетіміздің демократиялық дамуының жаңа бағдары айқындалғанын айтты. Сондай-ақ, өзгеріс пен ілгеріс әрі қарай да жалғасатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл саяси жүйенің негізі – ашықтық пен әділдік, тиімділік пен бәсекеге қабілеттілік. Ең бастысы, халыққа қызмет ету қағидасы қамтылған. Осындай құндылықтар негізінде біздің қоғамдық-саяси өмірімізде іргелі өзгерістер болып жатыр. Жақында өткен Атом электр станциясын салу жөніндегі референдумның қорытындысы – соның жарқын дәлелі. Азаматтардың 70 пайыздан астамы АЭС құрылысын қолдап дауыс берді. Бұл халқымыздың тағдыршешті сәттерде өрлеу жолын таңдайтынын көрсетті.

Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарына келсек. Қазір елдің көлік, энергетика және индустрия жүйесі қайта құрылып жатыр. (ГРАФИКА) Биыл өңдеу өнеркәсібінің экспорты 17,8 миллиард доллардан асқан. Оның үштен бірі – күрделі технологиямен өңделген өнімдер. Қазір 17 серпінді, яғни озық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жыл соңына дейін ұзындығы 12 мың шақырым жол салынып, жөнделеді. Президент Батыстағы бағыттарға көңіл бөлінетінін айтты. 

Өңдеу өнеркәсібінің экспорты – $17,8 млрд

Инвестициялық жоба – 17

Жаңа автомобиль жолы – 12 мың км  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бес жыл бұрын Бұқтырма бөгеніне көпір салу туралы тапсырма бердім. Жұрт жылдар бойы жазда – пароммен, қыста – мұздың үстімен жүретін. Бұл өте ыңғайсыз әрі қауіпті болғаны түсінікті. Енді мәселе біржола шешімін тапты. Осылайша шекара маңындағы аудандар транзиттік аумаққа айналды, яғни Қазақстан арқылы Қытай мен Ресейді жалғайтын тағы бір төте жол пайда болды.

Сонымен қатар әуе қатынасын дамыту бағытында нақты жұмыс атқарылып жатыр. Жақында Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминалдар ашылады. Асыраушы саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев диқандар қауымына ризашылық білдірді. Олар көктемгі тасқынға қарамастан 26 миллион тоннадан астам астық жинап, рекорд жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемі үш есе көбейді. Ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы алуға қосымша қаражат бөлінді. Жалпы, агроөнеркәсіп кешенінде 865 жоба жүзеге асырылмақ. Оның құны 2,6 триллион теңге.

Қ. Тоқаев: Технократ ұлт болуымыз қажет

Халқымыздың орташа өмір сүру ұзақтығы Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет 75 жастан асты. Бұл қуантарлық жайт. Дегенмен арқаны кеңге жаюға болмайды. Әлеуметтік саланың әуселесі аз емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 115 жаңа медицина нысаны салынды. Отандық медицинада емдеудің инновациялық әдістері енгізіліп, онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту жұмыстары басталды. Сала қызметкерлерін құқықтық және қаржылық тұрғыдан қорғау туралы заң қабылданды. Бұл аталған мамандықтың мәртебесін арттыруға бағытталған қадам.

Технократ ұлт болуымыз қажет. Жиында мемлекет басшысы бұл сөзін тағы қайталады. Ғылым мен техникасы дамыған елдердің әлем көшін бастап тұрғанын тілге тиек етіп, осы үдерістен қалмау маңызды екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл уақыт талабы. Келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладық. Біз техникалық және кәсіптік білім беруге баса мән беріп отырмыз. Биыл осы салаға арналған мемлекеттік тапсырысты едәуір көбейттік. Грант санын 10 мыңға арттырдық. Мемлекеттік тапсырыстың 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Елімізде шетелдің беделді жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр.

Қарапайым жұмысшыларды қолдау құрғақ уәде емес. Мұны бүгінгі салтанатты рәсімнен де аңғаруға болады. Марапат төрінде шахтерлер мен механизаторлар табылды. Ақордадағы мезіретке кез келген адам көтеріле алады. Жалғыз талап – ел үшін аянбай тер төгу.

- Былтыр Костенко шахтасындағы жарылыстан кейін кенші әріптесімізді жер бетіне шығардық. Сол үшін марапат алдық. Кез келген ер адам осылай істер еді. Бұл кеншілер бауырластық, біз әрқашан бір-бірімізді қолдаймыз. 

Қазақ дипломатиясымен әлем санасады

Сыртқы саясат елдің ішкі жағдайы мен азаматтардың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Сондықтан оны назардан тыс қалдыруға болмайды. Кейінгі кездері әлемдік аренадағы абырой-беделіміз артты. Ұлы даладан бастау алатын қазақ дипломатиясымен әлем жұрты санасады. Президент бұл бағыттағы белсенді жұмыс жалғасатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір дүниежүзі қауымдастығы біздің елімізді орта держава деп атайтын болды. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды, әлі де өте белсенді жұмыс істеу қажет. Әлемде түрлі қақтығыстар көбейіп, қарулану жарысы белең алғанын және сауда соғысы өршіп бара жатқанын көріп отырсыздар. Біз осындай жағдайдың өзінде тұрақтылық пен келісім мекені болып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Сырттың тыныштығын тору бір бөлек, ішкі тәртіп те қатаң бақылауда. Мемлекет басшысы неліктен Заң мен Тәртіп үстемдігі туралы ұдайы айтатынын түсіндірді. Қазақстан бұзақылық һәм ұйымдасқан қылмыспен ымыраға келмейді деп кесіп айтты. Бұл ретте еш талқысыз "мүлдем төзбекшілік" қағидатын қатаң ұстанамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әрине заңның қатаңдығына наразылық білдіріп, «қылбұрау салып жатыр» деп ойлайтын адамдар әрқашан табылады. Бірақ жазадан жалтарып, жүгенсіз кеткендер, шын мәнінде, халық пен ел мүддесіне қарсы адамдар. Мемлекет қылмысқа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын іске асыру үшін шара қабылдауды жалғастырады. Бұзақылықпен және ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізеді.

Бірлік болмай, тірлік болмас дейді қазақ. Бабалар бағзы заманнан жұдырықтай жұмылуды тәмсілдеп кетті. Демек, егемен елдің ұрпағы ретінде тілектестікті тоқтатпау керек. Қасым-Жомарт Тоқаев та халқы – біртұтас, болашағы – жарқын Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Азаматтарымыз барлық салада әрдайым әділдік болғанын қалайды. Ол үшін әркім әділдікті, ең алдымен, өзінен бастауы керек. Сонда қоғам да, бүкіл мемлекеттік жүйе де әділ болмақ.

Бұл жолы мезірет 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен еріктіге бұйырды. Марапат төріне лайықты тұлғалар шықты. Әрине, өнер мен мәдениет назардан тыс қалмады.

Жанұзақ Мүсәпір, Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық иегері:

- Топтамам балалықтан даналыққа жол деп аталады. Фарабидің өмір жолы туралы. 5 томдық топтама. Туған жерінен өмірінің соңына дейінгі 11 жарым метрлік картина үшін алып отырмын. Бұл Әл Фарабиды әлемге таныту мақсатында жасалған дүние. Мен 7 жыл дайындалып, 4 жыл салдым.

Айта кету керек, мәртебелі мереке қарсаңында еселі еңбек еткен лауазымды тұлғалар да тұғырға шықты. Бұл нені білдіреді? Ақорда есігі бұқарағада, билік өкілдеріне де ашық. Ұлт үшін қызмет қылған ханның да, қараның да жұмысы ескерусіз қалмайды.

Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы