Қ.Тоқаев: БРИКС даму тұрғысынан мол әлеуетке ие
Бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелерін шешуде жаһандық Оңтүстік елдерінің үні салмақты шығуға тиіс. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалауды және оның құрамын Африка, Латын Америкасы, Азия елдерінің жаңа мүшелері есебінен кеңейтуді Қазақстан қуаттайды. «БРИКС плюс» саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.
Жиында Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, БРИКС аясындағы ынтымақтастық жайын қаузады.
Мемлекет басшылары БРИКС-те басқосуға бірінен соң бірі «Қазан Экспо» халықаралық көрме орталығына келді. Қазақ басшысы мінген көлікке қазақстандық нөмір тағылған. Қасым-Жомарт Тоқаевты мұнда ерекше құрметпен қарсы алды.
Көпжақты ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейту үшін күш біріктірген БРИКС саммиті. Жаһандық қауіпсіздік мәселелері, логистика, транзит, терроризммен бірлесіп күресу. Бұл жолғы басқосуда талқыланған тақырыптар сан алуан. Ауқымы жағынан да ерекше болған саммитке 36 елдің өкілдері және 6 халықаралық ұйымның жетекшілері, сондай-ақ жоғары деңгейдегі 20-ға жуық делегация келген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- БРИКС даму тұрғысынан мол әлеуетке ие және түрлі құрлықтағы мемлекеттерді біріктіреді. Сондай-ақ ынтымақтастықты нығайтып, ортақ ресурстарды барлық қатысушының игілігіне тиімді пайдаланады. Өзара құрмет пен серіктестік, бірлесе өркендеу қағидаттарына негізделген келешектің іргесін қалауға БРИКС-тің тәжірибесі де, мүмкіндігі де жетеді.
Қазақстан қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуді қолдайды
Біздің де осы БРИКС-ке мүшелік ететін елдермен әріптестігіміз жақсы деңгейде. Былтыр елдегі сыртқы сауданың 50%-ке жуығы ұйымға мүше елдердің қатысуымен болды. Әріптестік аясын кеңейту үшін, әрине, әлемде тұрақтылықтың болғаны маңызды. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС-тің көпжақты күш-жігері әлемде әлі де баламасы жоқ әмбебап құрылым саналатын БҰҰ қызметін толықтыра түсетіндігін де айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- БҰҰ Жарғысындағы дипломатия мен диалог қағидаттары БРИКС-тің негізгі күн тәртібіне айналды. Ол қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге және стратегиялық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етіп отыр. Біз Еуразияның тең әрі біртұтас қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты Ресейдің тұжырымдамасын жоғары бағалаймыз. Оның түп негізінде өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту арқылы геосаяси қысымды төмендету ниеті жатыр. Қазақстан Қытайдың халықаралық тұрақтылықты сақтау, егемендікті қорғау, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу және көпқырлы тәсілдерді қолдану арқылы жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бастамасын қолдайды. Сондай-ақ еліміз Қытай мен Бразилияның Украина жөніндегі бейбіт жоспарын құптайды.
Қ.Тоқаев: Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалауды қуаттайды
Жиында Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына да алаңдаушылық білдірді. Қарулы қақтығыстар бірінші кезекте атысты тоқтатумен шешілуі керек. Ал бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерінде Жаһандық Оңтүстік елдерінің үні салмақты шығуға тиіс. Бұл ретте Президент БРИКС жаһандық басқару құрылымында орта державалар мен дамушы экономикалардың үлесін арттырып, бұл үдерісте негізгі рөл атқара алатындығын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің ойымызша, қақтығыстың кедейшілік, теңсіздік пен білімсіздік сияқты түп себептерін бірлесіп жою халықаралық саяси ықпалдастықты нығайтудың негізгі факторы болып қала береді. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалауды және оның құрамын Африка, Латын Америкасы, Азия елдерінің жаңа мүшелері есебінен кеңейтуді қуаттайды.
Президент мән берген тағы бір мәселе – ол көліктік транзит жайы болды. Бұл бағытта Қазақстан ынтымақтастықты бекітуге дайын. «Бұл ретте еліміз ең алдымен «Бір белдеу, бір жол», «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бастамалары аясындағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселесіне баса мән береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, су тапшылығы, ауа температурасының күрт көтерілуі және шөлейттену секілді климат өзгерістерінің салдарын еңсеру үшін «БРИКС плюс» аясында сенімді серіктестік қатынастар қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Ал сөз соңында Президент бұндай форматтағы бірлескен әрекеттер Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы өзара байланысты едәуір нығайта түседі. «Ендігі міндет – мемлекеттердің дамуындағы алшақтықты жою мен халықаралық қауіпсіздікті айтарлықтай күшейту және жаһандық прогресс үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беру», - деп сөзін түйіндеді Президент.
Авторы: Риат Шони, ПТРК