Мемлекет басшысы Қарағанды облысының әкіміне сөгіс берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылу беру маусымына дайындық жұмыстарына тиісінше бақылау жасамағаны үшін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді.
Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. Еске салсақ, Саран қаласында құрылысы 13 жылға созылған жаңа жылу орталығы биыл ғана пайдалануға берілген еді. Ол қаладағы 168 көпқабатты үй мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етуі тиіс болатын. Алайда жылу беру маусымы басталмай жатып орталық қазандық істен шықты. Осыған байланысты үйлер уақытша ескі желілік қазандықтарға қайта қосылған. Бұл жағдайдан кейін Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысын өткізіп, апатқа бірінші кезекте жеке жауапкершілік қала және облыс әкіміне жүктелетінін баса айтқан еді. Бұл ескертуден кейін 29 қазан күні Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қызметінен босатылды.